Қыл байрақты, құрым тоқымды қалмақтар кім?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыл байрақты, құрым тоқымды қалмақтар кім? Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы», деп айта келіп, Қазақ хандығының 550 жылдығы, тарихымызды ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие екенін еске салды. Осыған байланысты ел басылымы - «Егемен Қазақстан» өзінің биылғы жылғы №1 санын газет шолушысы Жылқыбай Жағыпарұлының «Қазақ хандығы» атты қысқаша танымдық мақалаларының сериясымен ашқан еді. Енді осы дүниелердің заңды жалғасы ретіндегі «Ойрат одағы: қыл байрақты, құрым тоқымды қалмақтар кім?» атты мақаланы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.

Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама Болат ханның билік құрған жылдарымен бірге төрт ғасыр дәуірлеген Қазақ хандығының «алтын ғасыры» аяқталып, Жоңғар одағы кең сахараны қанға бөктіріп, қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, Алқа­көл сұламаға» ұшырады. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының толайым тағды­рында не болып, не өтпеді?!

Бірақ 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» мен 1932-1933 жылдарғы «Голощекин геноциді» халықтың бұдан кейінгі ғасырлар бойғы даму болашағына жазылмас жара салған өте зұлматты апат еді. Шәкәрім қажының айтуынша, «Ақтабан шұбырынды» кезінде қазақ халқы «үш есенің екеуінен» айырылса, кейбір тарихшылардың есебі бойынша «Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен. Басқыншылар соның бестен үшін өлтірген, яғни екі миллион адамның бір миллион екі жүз мыңын жоқ еткен. Жантүршігерлік апат!» (І.Есенберлин «Жанталас»). Тарихи мәліметтер бойынша, Жоңғар мемлекеті билігінің тізгінін Сыбан Раптан ұстаған кезеңде, жоңғарлар қазақ жеріне жеті рет (1698-1711-1712-1714-1718-1723-1725 жылдары) жойқын шабуыл жасап, басып кіріпті. Соның ішінде төрт алапат соғыс әз Тәуке ханның тұсында орын алған. Сыбан Раптан қонтайшы 1698 жылы жазда қазақ хандығының жеріне басып кіреді. Асығыс жиналып, қарсы тұрған қазақ әскерін талқандап, Шу өзенінің сағасында, Талас бойында қоныстанған қалың елді қырып-жойып, он мыңнан астам адамды тұтқындап, орасан мол мал-мүлікті олжалайды. Олардың тағы да Қазақ еліне жорық жасағалы жатқанын естіп, 1710 жылы Тәуке хан бүкіл Қазақ мемлекетінің құрылтайын шақырады. Бабаларымыз бас біріктіріп, тізе қосып, Жоңғарға қарсы күреске шығу туралы шешім қабылдайды.

Тарихта алғаш рет Қазақ хандығы әскерінің басшылығына хан да емес, сұлтан да емес қарадан шыққан қас батыр Бөкенбай сайланады. 1711 жылы Бөкенбай батыр жасағы қазақ жерінде қарсылық көрмей дандайсыған қалмақтарды тоқтатып, алғашқы соққы береді. 1712 жылы Жоңғар басқыншыларын ойсырата жеңіп, қазақ жерінен түріп шы­ғарды. Ал 1714 жылы Қазақ еліне тағы да басып кірген қалмақтарға қарсы тұрған біздің қосындар ойсырай жеңіліс табады. Міне, осы бір жылдар соғыс қимылдары қорытындысынан анық көрініп тұрғандай, қазақ әскерінің ешқандай стратегиялық бағдары болмаған. Әйтеуір, басқыншы жаудың бетін қайтарып, тоқтатқанына мәз болып, қаншама боздақтар құрбан бол­ған жеңістің нәтижесін жоққа шығарған. Жеңілген жауды қазақ жерінен қуып шық­қанды місе тұтпай, індете шабуылдап, енді қайтіп бас көтермейтіндей етіп, өз ордасында талқандау керек еді. Осы соғыс­тың қорытындысынан аңғарылатын бір мәселе, Тәуке хан тұсында қазақ әскерінің құрылымында Қасым хан салған жеңімпаз жорықтардың, Есім ханнан қалған ұлы стратегиялық шабуылдардың, Жәңгір хан­ның тактикалық соғыс үлгісіне айнал­ған ерлік өнегесінің жалғасы үзіліп, сабақ­тастығы жойылған еді. Күштіні ғана мойындайтын, қорыққанын ғана сыйлайтын қатыгез заманда әлсіздік танытып, босаңсуға болмайтынын, көсілгеннің бәрі көрпені өзіне тартып, бөлектену опа бермейтінін уақыттың ащы сабағы тағы көрсетті. Бірі хан, бірі сұлтан болса да біріне бірі мойынұсынбай қазақ әскерін қосарласа басқарған Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан 1718 жылы Жоңғар басқыншыларына қарсы дарынсыз соғыс жүргізіп, 30 мың әс­керді тү­гел шейіт қылды. Бұл сәтсіз әрекет­тер қа­лың қасіреттің басы, «Ақтабан шұбы­рын­дының» әлқиссасы ғана болатын. Міне, нақ осы кезеңде ұлы таққа отырған Болат хан өткеннен шұғыл қорытынды жасап, нәубеттің алдын алу керек-ақ еді. Әттең!..

Осы орайда, енді Қазақ хандығын қайта-қайта қан қақсатып, ақыры тұтас бір халықты «Ақтабан шұбырындыға» ұшы­ратқан қыл шашақты қызыл тулы Жоңғарлар кім? Әлемдік өркениетке өзіндік өрнегін қалдырған Еуразия құрлығындағы ұлы көшпенділер мәдениетінің тамырына балта шапқан құрым тоқымды, тапал атты бұл қалмақтар қайдан шықты, деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітіп көрейік. Қазақтар «қалмақ» деп атаған жоңғарлар негізінде батыс Моңғолияны мекен еткен ойрат қауымы болатын. Кейбір жазба деректерде оларды батыс моңғолдар деп те атайды. Жауынгер ойрат халқы Шыңғыс хан тұсындағы тарихта кеңінен белгілі болған. Ойраттар 1206 жылы Моңғолияда жасақталған Шыңғыс хан әскерінің сол қанатын құрайды. Сол қанат моңғол тілінде «жоңғар» (сол қол) деп аталады. «Жоңғар», «Жоңғария» деген атаудың түп-төркіні моңғолша «сол қанат» немесе «сол қол» (сол қанаттағы әскер) деген мағынадан шыққан. Кейінірек, яғни 1635 жылы екінші Ойрат одағының туын көтерген Ердене-Батұр жаңа мемлекетін осы атаумен Жоңғар хандығы деп атады. Орталық Азия мен Шығыс Түр­кіс­тан халықтары ислам дініне біржола бет бұрған кезеңде ойраттар өздерінің ежелгі шаман дінінде қалды. 1368 жылы біртұтас моңғол-қытай мемлекеті - Юань империясы құлағаннан кейін ерлік дәстүрлерін берік сақтаған көшпенді ойраттар дербестік туын көтерді. XV ғасырдың алғашқы жартысында Ба­тыс моңғол (ойрат) билеушілері бүкіл Моңғолияға билік жүргізе бастады. Ойрат одағы ту тіккен өңір базарлар шоғырланған қалалардан шалғай жатты. Сондықтан, олар Шығыста Қытайдың, Батыста Мауреннахрдың қалаларындағы сауда орталықтарына шығу үшін күресуге мәжбүр болды. Сонымен бірге, Шығыс моңғол билеушілері мен Батыс моңғол билеушілері ішкі өлкелерге кіретін керуен жолдарына иелік ету үшін күресті. Барлық ойрат ұлысын бір орталыққа біріктірген Тоған хан (1418-1440) Халханы жаулап, 1420 жылдары бүкіл Моңғолияға билік жүргізді. Әкесінің жауынгерлік жолын жал­ғастырған Есен хан (1440-1455) Қытайға қарсы шешуші жорық жасап, 1449 жылы Қытай әскерін талқандап, Еженханның өзін тұтқынға түсірді. Ойраттар құрған жаңа моңғол хандығының күш-қуатын осыдан-ақ байқауға болады. Әлі тарих сахнасына Қазақ хандығы шығып та үлгермеген кезеңде Еуразия кеңістігінде осындай қуатты көшпенділер мемлекетінің болуы болашақта жойқын қарсыластар қақтығысынан хабар берсе керек. Дегенмен, ежелгі моңғол мемлекетіндегі ойраттардың билігі ұзаққа созылған жоқ. Шығыс моңғолдар халха тайпаларынан жеңілген Батыс моңғолдың ойрат тайпалары өздерінің бұрынғы жерлерінен айырылып, тоз-тоз болып қоныс аударуға мәжбүр болды. Олар бірте-бірте қазақ даласына және Моғолстан қарамағындағы Жетісу өңіріне ене бастады. Сөйтіп, жайылымдық жерлер үшін жергілікті қазақ руларымен бітіспес соғыстар басталды. Сол бір кезең туралы қазақтың көрнекті жазушысы, білгір тарихшы Мұхтар Мағауин: «Орта­лық Азиядағы үстемдік үшін күрескен екі халық арасындағы кенеусіз ұрыстар 1520 жылдары басталып, ара-тұра аз ғана үзілістермен 1758 жылға дейін, яғни екі ғасырдан астам уақытқа созылады. Екі елдің де барлық күш-қуатын жалмаған, эконо­микалық және рухани дамуын тежеп, тікелей ұрыстарда жүз мыңдаған адамның қанын төгіп, халықтардың табиғи өсімін біржолата шектелген екі жүз жылдық соғыс нәтижесіне ойрат жұрты ажал қақпасынан аттап, жер бетінен мүлдем жоғалды, қазақ жұрты құлдық қақпасынан аттап, отарлық кепке түседі», деп жазды. Алып даланың тентек желімен жарысып, азат күндерін аттың жалына жармасып өткізген қос жауынгер халық бір ту астына біріксе, ешбір жау бетін қайтара алмайтын жойқын күш болар еді. Тарихта осындай кезеңдер де болды. Дешті Қыпшақ даласынан бастап бүкіл Мауреннахрға билік еткен, Орта Азияның барлық қала-мемлекеттері бағынған тегеурінді Тәуекел ханның тұсында ойраттар Қазақ хандығына тәуелді болған. 1595 жылы Мәскеуге келген қазақ елшісі Құл-Мұхаммед осындағы Ораз-Мұхаммед сұлтанға: «Сенің туысың Тәуекел ханзада Қазақ ордасына хан болып орнықты, ол өзінің інісі Шах-Мұхаммед сұлтанды қалмақтарға хан етіп отырғызды» деген («Қазақ ССР тарихы», Алматы, 1957 ж.). Ал Тәуекелдің өзі осы кезде Мәскеуге жіберген грамотасында өзін қазақтар мен қалмақтардың патшасымын деп атаған. Сонымен бірге, Ресей патшасы Федор Ива­нович Тәуекел ханға жолдаған хатында: «Құдайдың рақымымен екі Орда - қазақ пен қалмаққа қатарынан билік жүргізіп отырсыз», деп атап көрсеткен. Алайда, Есім хан тұсында аражігі ашылған қалмақ-қазақ соғысының жаңа кезеңі басталды. XVI ғасырдың басында ежелгі қо­ныстарынан қуылған, өрісі тарылған ойрат тайпалары тағы да біршама уақыт бірлікке қол жеткізеді. Бір ту астына топтасқан ойраттар 1604 жылы Қазақ ордасына қарсы жорыққа шығады. Бірақ қатты жеңіліс тауып, Батыс Сібірге дейін босып кетеді. Осы тұста жиырма жылдық қазақ-бұхар соғысы басталып, Есім ханның қалмақтарды індете қуып, өз ордасында талқандауға мүмкіндігі болмай қалады. Оның үстіне 1614 жылдар шамасында Қатаған Тұрсын сұлтан дербес хандық құруға бет бұрып, қазақ арасында билікке таласқан қанды соғыс басталады. Осы жағдайларды пайдаланған қалмақ қонтайшылары тізе қосып, Қазақ хандығына қарсы соғыс қимылдарын күшейте түседі. Қазақ хандығының шекарасына тыныштық бер­меген бұл әрекет 1627 жылға дейін созылады. Сол жылы Есім хан екінші бұхар-қазақ соғысын жеңіспен аяқтап, бұл тараптағы Қазақ ордасының шекарасын берік бекітіп, қалмаққа қарсы шешуші жорыққа аттанады. 1627 жылы осы жорық нәтижесінде Есім хан бірінші Ойрат одағының тас тал­қанын шығарады. Ойрат одағының құра­мындағы тайпалар тоз-тоз болып, жан-жаққа ыдырай басып, жан сауғалайды. «Дүрбін-Ойраттар туралы аңыздың» авторы Башұр Убаш Түменнің айтуынша: 1627 жылы қазақтардан жеңілген ойраттар одағы ыдыраған. Торғауыт князы Хо-Ұрлұқ қырық мың үймен Сібірдің оңтүстік шекарасына келіп, 1630 жылдары Оралдан өтіп, Волганың (Еділ өзенінің) сағасында қалмақ хандығын құрған. (Ресей құрамындағы қазіргі қалмақтар осы хандықтың ұрпақтары). Ал сан жағынан торғауыттан асып түсетін шорас пен дүрбіттер әуелгі қоныстары - Жоңғарияға қарай қайта шегінеді. Бүкіл ойраттың бас билігіне таласқан, енді ауыр шығыннан әбден қансыраған хошауыттар Тибетке өтіп кеткен. Арада жеті-сегіз жыл өтпей жатып жоң­ғар тайпалары қайта топтасты. Шорас тайпасының қонтайшысы Хара-Хұла бытыраңқы ойрат ұлыстарын ұйыстырды. 1634 жылы Хара-Хұла өлгеннен соң оның ұлы Ердене-Батұр (1635-1653) әуелгі Ойрат одағынан да қуатты жаңа қалмақ мемлекеті - Жоңғар хандығының туын көтерді. Оның құрамына шорас, хошауыт, дүрбіт және хойыт атты төрт жауынгер тайпа топтасты. Батұр қонтайшының тұсында қазақ-жоң­ғар қатынасы мейлінше шиеленісті. Бұл кезеңде жоңғарлар Қазақ хандығына үш рет 1635, 1643 және 1652 жылы ірі шапқыншылық жорық жасады. 1653 жылы Батұр қонтайшы өліп, орнына баласы Сенген (1653-1670) билікке келді. Бұл тұста жоңғарлар өзара билікке таласып, ішкі тақталас соғыстар үдей түсті. Осындай тақталастың бірінде Сенген қаза тауып, оның орнына інісі Халдан Бошұқты (1670-1697) хан болды. Халдан Бошұқты қытайдың Цин патшалығына қарсы үздіксіз соғыс жүргізіп, 1695 жылы қатты жеңіліске ұшырады. Сөйтіп, Сенген мен Халдан Бошұқты тұсында, яғни 1653 жылдан 1697 жылға дейін жоңғарлар Қазақ хандығына қарсы аса бір күшті жорықтар жасалмаған сияқты. 1697 жылы Халдан Бошұқты хан өліп, оның орнына Батұр қонтайшының немересі Сыбан Раптан таққа отырды. Жоңғар мемлекетінің билігіне ие болған отыз жыл ішінде Сыбан Раптан (1697-1727) қазақ даласында қанды судай ағызып, тұтас бір халықты тарихта бұрын-соңды болмаған «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратты. Жасанған жаудың 1723 жылдың көктеміндегі тұтқиылдан соққан жойқын шабуылдары мамыражай жатқан қалың елді мүлде естен тандырды. Қатты қыстан күйзеліп шыққан қазақтар жан жадыратқан көктемнің алғашқы көгіне ілігіп, енді ғана жайлауға көшу қамына кірісіп жатыр еді. Дәл осы бір өліара шақта жау шабуылы бола қояды деп күтпеген бейбіт елдің бас біріктіріп, қарсы тұруға да шамасы жетпей тоз-тозы шықты. Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі Шыршық өзенінен асып кетті. Бір бөлігі Алқакөл маңынан Бұхара мен Самарқанға қарай босты. Кіші жүз қазақтары Сау­ран қаласын айналып, Хиуаға қарай ағылды. (Қалың жауды көз жаздыру үшін қазақтар Сауран қаласын айнала көшкендіктен бұл оқиға «Сауран айналған» деп аталыпты). Туған жерін жау табанына тастап, мал-мүлкінен айырылып, аш-жалаңаш жаяу шұбырған қалың қазақ жаздың аптап ыстығында жат жерде шөлден қырылды. Аштыққа ұшыраған әйелдер мен балалар, күші қайтқан қарт адамдар адам төзгісіз жол азабына шыдай алмай жапан түзде көмусіз қалды. Шоқан Уәлиханов туған халқының басына түскен осы бір нәубетті жан-жақты зерттеп, «XVIII ғасырдың алғаш­қы 25 жылы қазақ халқының тарихындағы аса ауыр зұлмат заман болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары тұс-тұстан қазақтарды қырғынға ұшыратты, малдарын айдап әкетті, бүкіл үйелмендерімен тұтқындап алды», деп жазады. (Ш.Уәлиханов. Шығ.жинағы. 4-том. Алматы 1985 ж.) «Жұт жеті ағайынды» дегендей ақтабан шұбырындыға ұшыраған қазақтарды қынадай қырып, ұлан-ғайыр даласынан айырып, талан-таражға салғысы келген тек жоңғар­лар ғана емес еді. Қазақ еліне көз аларт­қан жаулар жан-жақтан анталады. Жоңғар басқыншылары қазақ даласына оңтүстік шығыстан қаптағанда, Еділ бойындағы Қалмақ хандығының әскері солтүстік батыс­тан, Жайық бойынан казак-орыс атамандарының жазалаушы отрядтары шапқыншылық жасады. Тағдыр теперішіне тап болған қазақтарды бір жағынан Қоқан, бір жағынан Бұхара мен Хиуа хандары да қасқырша талап, жаппай құлдыққа салғысы келді. «Мал құлағы саңырау». Жоңғар басқыншыларының жауыздығын айтуға тіл күрмелді. Тұтас ондаған ауылдардың адамдарын қойша қаумалап, қамыс-қоғаға айдап тықты. Жүздеген-мыңдаған адамдар қамысқа кіргенде, жан-жағынан от қойды. Жау қолындағы өңірлерде қару ұстайтын азамат қалмады. Бесіктен белі шыққан еркек кіндікті балалар түгел найзаға ілінді. Қарындас қор­ланды, ағалар оққа байланды. Аналардың көз жасы сел болып ақты. Халық қасіреті мұңлы әуені ешбір халық тарихында кездеспеген «Елім-ай» атты зар заман толғауын тудырды. «Мына заман қай заман, қысқан заман, Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман. Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды, Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман...» Абылайдың азаттық жорығы Ұлы нәубет «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» зұлмат апаты бес жылға (1723-1728) созылды. Қасі­рет құрсауына түскен қазақ елінің ауырт­палығы қаншама жан күйзелт­кенімен халық дербестік туын жықпады. Еңкейген қарттан бастап, еңбектеген балаға дейін басқыншылар алдында тізе бүкпей, бітіспес күрес жүргізіп, елінің еркіндігі мен жерінің азаттығын көкседі. Әрбір қазақтың бойында шоқ болып жанып, өртше қаулаған осы ерлік рухы бүкіл халықты басқыншыларға қарсы бір кісідей жұмылған Ұлы Отан соғысына бастады. Жоңғар шапқыншылығынан қан­сыраған қазақ жұртының ес жиып, басқыншыларға қарсы күш біріктіріп, алғаш тойтарыс беруі 1727 жылы Сыбан Раптанның көзі жұмылып, Жоңғария тағына Қалдан Серен қонтайшының отыруымен тұспа-тұс келді. Қазақ елінің азаттығы жолындағы Ұлы Отан соғысының алғашқы шешуші айқасы Арқадағы Бұланты өзенінің бойында болыпты. Үш арыс қазақтың ұландары тізе қосып, жау табанында тапталған туған жердің азаттығы үшін қыршын кеткен қандастарының, қорланған қарындастарының кегі үшін намыс туын көтеріп, бес жыл бойы тойтарыс көрмеген қалың жауды қақырата жеңді. Бұланты бойындағы алғашқы жеңісті шайқаста бас қолбасы - Әбілқайыр сұлтан еді. Қазақ әскерінің басқыншыларды қан қақсатқан екінші ұлы жеңісі 1730 жылдың көктемінде, Балқаштың оңтүстігіндегі Итішпес деген көлдің маңындағы Аңырақай соғысы болатын. Бұланты және Аңырақай ұрыс­тарындағы үлкен жеңістер еңсесі езілген елге дәт беріп, еркіндік жолын­дағы үміттерін үкіледі. Дәл осы кезеңде Қазақ хандығының ұлы тағына «иелік» етіп отырған аты бар, заты жоқ Болат хан дүниеден өтті. Қазақ сұлтандары арасында таққа талас туындады. Кеше ғана бас біріктіріп, жоңғарларға қарсы жойқын жорықтарда ортақ жеңіске қол жеткізген сұлтандар ат құйрығын үзді. Қанқұйлы жауға жұмыла қарсылық көрсеткен бірыңғай қазақ әскері енді Әбілқайыр, Батыр, Сәмеке, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Барақ сұлтандардың иелігіндегі қосындарға бөлініп шыға келді. Төгілген қан, мұқалған жігердің күшімен келген алғашқы жеңістердің жалғасы тығырыққа тірелді. Қол жеткен жеңістерді баянды етіп, әлсіреген жауды індете шауып, жоңғарларды түбегейлі талқандайтын кезең туып-ақ еді. Бірақ Қазақ елін қырық руға бөлшектеген сұлтандар бас басына билік құрып, бір тудың астына бірігуге мүмкіндік бермеді. Сол уақыттағы Қазақ хандығындағы ахуалды орыс экспедициясының бастығы И.Крылов былай бейнеледі: «Егер жалпы ауыз­бірліктері болса, бұл қазақтар басқын­шыларды жеңіп шыққан болар еді. Бірақ олардың бір ханы соғысқа шығатын болса, екіншісі соғысуды қояды. Сөйтіп, өздерінің иеліктерін қалмақтарға жем қылып отыр» («Қазақтың көне тарихы». «Жалын». 1993). Қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұр еді. Жоңғар қалмағының енді бір жой­қын шабуылы болса, батыстан Еділ қал­мақтары анталап кіруге дайын болатын. Жан-жағын қанқұйлы ата жауы қоршап, іштен таққа таласқан сұлтандар бөлшектеген Қазақ хандығының құрып кету, тіпті, қазақ халқының өзіне жойылып кету қаупі төнді. Міне, нақ осы кезеңде тарих сахнасына қазақ халқының біртуар перзенті Абылай хан шықты. Ол туған халқының азаттық жолындағы ұлы жорығының ту ұстаушы дарабозына айналды. Туған халқының болашағы жолында атқарған хан Абылайдың тарихи ерлігі хақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтін­деді. Алмағайып сұрапыл заманда есең­­гіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясат­керлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын ат­қарып кетті», деп атап көрсетті (Н.Назар­баев, «Абылай аңсаған азаттық». «Егемен Қазақстан», 2013 жыл.). Абылайға дейін Қазақ хандығының ұлы тағында тура 20 хан отырған екен. Солар­дың ішінде Абылай хандай жан-жақты зерттелгені кемде-кем. Абылайдың өмірі мен заманы хақында тарихи еңбектер де, көркем шығармалар да көптеп жазылды. Сондықтан, көпшілікке белгілі оқиғалар төңірегінде қайталауға ұрынбай, тарихи тұлғаның өмірі мен заманына қатысты кейбір көмескі жайларды ғана қозғайық. Күні бүгінге дейін кейбір зерттеушілеріміз Ресейдің жазбаша деректеріне сүйеніп, Абы­лай Орта жүзді ғана билеген, бүкіл қазақ­тың ұлы ханы болған жоқ деген пікірді көлбеңдетуді қоймай келеді. Қазақ жерін қайт­кенде де отарлауды мақсат еткен пат­шалық Ресей қазақ халқының басын бірік­тірмеуге, барынша бөлшектей беруге күш салды. Сондықтан, Абылайдың бүкіл Қазақ еліне билік құрғанын, ақ киізге көтеріліп, үш жүздің ханы болып сайланғанын көрсе де, көрмеген сыңай танытып, бүкіл құжаттарда әдейі «Орта жүздің ханы Абылайға...» деп жазды. Ресей Абылайдың тұсында Қазақ хандығы қайта күшейіп, біртұтас ел болғанын көпе-көрнеу мойындамады. Ақиқатында, жиырма жасында алты Алашқа танылған Абылай жарты ғасырға жуық билік құрып, Абылай туы астына топ­тасқан барша қазақтың, бірыңғай Қазақ хандығының ұлы ханы болды. «20-ға жасың толғанда, қалмақпен соғыс болғанда, алғашқы бақты тапқанда, Шарыштың басын шап­қанда, қанжығаңа бас байлап, жау қашты деп айғайлап, «Абылайлап» шапқанда...» деп Үмбетей Тілеуұлы жырлаған ұлы шайқастан кейін Әбілмәмбет хан Әбілмансұрмен (Сабалақпен) жеке танысып, халқына айтыпты: «Баяғы Бақидың (Уәли Бақы) нәсілінен бір жалғыз бала қалды деп естіп едім, мынау сол екен, сіздер құп алсаңыздар, үлкен хандық осыныкі» деп үш жүзден тоқсан жақсыны ертіп барып, Жәнібек деген кісіден бата алып, Әбілмансұрды (Абылайды) ұлы хан сайлапты. Абылайдың хан болғаны 1735 жылы еді» (Ш.Құдайбердіұлы, «Қазақ шежіресі»). Ал Бұқар жырау Қалқаманұлы былай дейді: «Сен жиырма жасқа жеткен соң, алтын тұғыр үстінде, ақ сұңқар құстай түледің, дәулет құсы қонды басыңа, Қыдыр келді қасыңа, бақ үйіне түнедің, алыстан тоят тіледің, қылышыңды тасқа біледің, алмаған жауды қоймадың, алған сайын тоймадың, несібеңді жаттан тіледің... Жиырма беске келгенде, бақыт берді басыңа, тақ берді астыңа... Алтын тақтың үстінде үш жүздің басын құрадың», дейді («XV-XVIII ғасырдағы қазақ ақын-жырауларының шығармалар жинағы»). Ендеше, қандай да бір жазбаша көздерден алынған жанама деректердің ешқайсысы барлық саналы ғұмырында Абылайдың оң жағында отырып, ақыл-кеңесшісі болған Бұқар жыраудың және ұлы ханның замандасы Үмбетей жыраудың аузынан шыққан сөздерінен сенімді емес шығар. Олай болса, Абылай орыс жазба дерек­те­рінде жиі айтылатындай, Орта жүздің ғана ханы емес, бүкіл қазақ жұртының Қазақ хан­дығының ұлы ханы болған. Жоғарыда келтірілген деректерден айқын болғандай, Абылай Қазақ хандығын 1771-1781 жылдары ғана емес, 1735 жылдан 1781 жылға дейін тура 46 жыл билеген. Осы орайда, тақ­тан өз еркімен бас тартып, ұлы хандықты Абылайға берген Әбілмәмбеттің даналығы мен парасаттылығы еріксіз бас идіреді. Абылайдың алғырлығы мен ерлігіне сүйсініп, елінің бола­шағын сеніп тапсырар тұлғаны танып, өмірінің соңына дейін 35 жыл бойы оны ұлы хан ретінде мойындап өткен Әбілмәмбет ханның мәрттігі де аталардан қалған қасиетті үрдістің шынайы жалғасы еді. Әбілмәмбет ханның өз еркімен ұлы тақты босатуына байланысты 1735 жылы үш жүздің ханы бо­лып танылған Абылайдың 1771 жылы Әбілмәмбет қайтыс болғанға дейін өзін рес­ми түрде ақ киізге отырғызып, ұлы хан ретінде жариялауға рұқсат бермегендігін інінің ағаға деген ілтипатының, елінің азат­тығы үшін киелі күрес жолындағы Әбіл­мәмбеттің ағалық ұлағатына деген шек­сіз құрметінің белгісі деп түсіну парыз. Абылай Әбілмәмбет ханның ақ батасын алып, ұлы хандықты өз қолына алғаннан кейін үш жүздің басын қосып, Қазақ хан­дығының іргесін бекіту, «Ақтабан шұбы­рынды» жылдарында айырылған қазақ жер­лерін қайтарып алу жолында қасиетті жорықтарын бастады. Еуразия құрлығындағы күні кешегі ірі де іргелі мемлекет - Қазақ хандығының бұрын­ғы беделін қалпына келтіру жолындағы Абылайдың жасампаз күресі жарты ғасыр­ға жуық жалғасты. Дана басшының ел азаттығын көксеген жорық жолдары ауыр да абыройлы болды. Ғасырлар бойы Орталық Азиядағы қырғын соғыстардың бастауында тұрған, ортағасырлық іргелі мемлекет - Қазақ хандығымен 200 жыл бітіспес соғыс жүргізген қыл шашақты, қызыл тулы империя - Жоңғар мемлекетінің тарихта енді қайтып көтеріліп көрмеген шаңырағын құлатқан да Қазақ ордасының ұлы ханы Абылай еді. 1746 жылы Жоңғар империясының әміршісі - Қалдан Серен қонтайшы қанды жорықта мерт болады. Үлкен империяны ұзақ жыл «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған қатал әміршінің көзі тайысымен оның ұрпақтары арасында тақ таласы жолындағы аяусыз күрес басталды. Қалдан Сереннің ізін басып, тағына отырған ұлдарының бірі Цеван Доржыны туған інісі Лама Доржы өлтіріп, таққа отырды. Қалдан Сереннің ұлдары Дауашы мен Әмірсана тақ таласы жолында Лама Доржымен со­ғы­сады. 1751 жылы Лама Доржыдан ой­сы­рай жеңілген Дауашы мен Әмірсана Қазақ хандығына қашып келіп, Абылайдан бассауға сұрайды. Абылай жоңғардың атақ­ты екі ноянын құрметпен қарсы алып, жеке-жеке ауыл етіп, жанына қондырады. Көп кешікпей Лама Доржыдан елші келеді. Қалмақ әміршісі басбұзар екі туысын - Дауашы мен Әмірсананы байлап беруді талап етеді. Абылай өзінің билері және батырларымен кеңеске отырып, қалмақ нояндарын қайтармау туралы шешім қабылдайды. Дипломатиялық өресі биік Абылай қалмақ нояндары Дауашы мен Әмірсанаға қолдау көрсету арқылы қуатты Жоңғар империясын әлсіретуді мақсат тұтты. Себебі, қалмақтың беделді қос ноянын қолдайтын Жоңғарияда қалың жұрт бар екенін ол жақсы түсінді. 1752 жылы Лама Доржы қазақтарға қарсы соғыс ашты. Жау шабуылын күтіп отырған Абылай қалың әскерін бастап, қарсы шықты. Күз айларына ұласқан қырғын соғыста қазақ әскері тамаша жеңіске жетіп, Лама Доржы күйрей жеңілді. Бұл 200 жылға созылған қазақ-қалмақ соғысында үлкен нәтижелерге бастаған нағыз бетбұрыс жеңісі болды. Бұдан кейін Абылай ата тағынан үміткер Дауашы мен Әмірсананы кезек-кезек қол­дай отырып, қалмақ ішіндегі өзара соғыстарға иек артты. 1953 жылы Дауашы Лама Дор­жының ордасын талқандап, ханның басын шабады. Көп кешікпей Дауашы бүкіл Жоңғарияның ханы атанады. Енді Әмірсана өзінің бұрынғы одақтасы Дауашыға қарсы шықты. Туған халқының болашағы үшін Абылай Жоңғар империясының әміршісі Дауашыға қарсы соғыс жариялап, Әмірсанаға қолдау көрсетті. 1755 жылы бір жағынан Қазақ хандығының қыспағына, екінші жағынан Қытай императорының әскеріне қарсы соғыс жүргізген Дауашы енді бас көтере алмайтындай қырғын жеңіліс тапты. Ежен ханның әскерлері Жоңғар жасағын қойша қырып, Дауашыны тұтқындады. Міне, нақ осы кезеңде бүкіл ойрат жұрты қытай басқыншыларына қарсы азаттық кү­ресіне шығады. Көтеріліске Әмірсана бас­шы­лық жасайды. Қалмақтар қоныстанған бүкіл Жоңғар империясының жерін өзінің ие­лігіне балаған қытай императоры Цяньлун (Хун Ли) Дүрбін-Ойратқа қарсы 200 мың әскер аттандырып, бүкіл ойрат халқын жер беті­нен жойып жіберуге үкім шығарады. Әскері талқандалып, халқы қырғынға ұшы­ра­­ған Әмірсана тағы да Абылайды паналайды. Жоңғар ноянына қолдау көрсеткен Абы­лай ханның саясатына өшіккен Цяньлун 1756 жылы Хадаха және Дардана деген қолбасшыларын Қазақ елін шабуға аттандырды. 1756-1757 жылдардағы қазақ-қытай соғы­сы қытай қолбасшысы Фу Дэ арқылы келіс­сөз жүргізіп, бейбіт бітім жасаумен аяқталды. Сол жылы Жоңғар империясы жойылып, Дүрбін-Ойрат біржола талқандалды. Цин империясы жоңғар жерін жаулап алды. Сөйтіп, жеңімпаз қолбасы, дарынды дипломат Абылай ханның сұңғыла саясатының арқасында Қазақ хандығының бітіспес жауы - Жоңғар империясы тарих сахнасынан мүлде жойылып, Шығыстағы ұлы көршіміз - Қытай империясымен бейбітқатар өмір сүру туралы берік бітім жасалды. Міне, осыдан кейін данышпан Абылай күні кеше дәуірлеген ежелгі Қазақ ханды­ғының иелігін қалпына келтіру мақсатын­дағы қасиетті жорықтарын бастайды. 1765 жылдары қырғыз-қазақ шекарасын бекітеді. 1771 жылы Еділ қалмақтарын талқан­дай­ды. Өмірінің соңғы жылдарын Орта Азия хандықтары басып алған атажұрт­ты қайтару жолындағы күреске арнады. «Абылай ұлы мақсаттарын орындау жолында бірталай табысқа жетті. Оның Орта Азия хандықтарымен соғыстары сәтті аяқ­талып, Түркістан, Сайрам, Шымкент және басқа қалалар қазақтардың қолына өтті. Ал Ташкент алым төлеп тұратын болды» (М.Мағауин. «Алдаспан»). Жарты ғасырға жуық хандық құрған Абы­лайдың даңқты ғұмыры туған хал­қының еркіндігі жолындағы азаттық жо­рығында үзілді. 1781 жылдың мамыр айында Ташкентті қазаққа қарату жолындағы жеңісті сапардан қайтып келе жатқанда Арыс өзенінің жағасында қайтыс болды. Абылай дәуірі Еуразия құрлығында төрт ғасыр салтанат құрған Қазақ хандығының мемлекеттік атрибуттарын төрткіл дүниеге паш еткен, әлемдік империялар дипломатиялық қарым-қатынас жасап, іргелі мемлекет деп мойындаған қайта түлеу кезеңі болды. Абылай дәуірі. Ол Ресей мен Қытай сияқты алып державаларды санасуға мәжбүр еткен көшпенділер империя­сы - Жоңғарияны, яғни екінші Ойрат одағын ойрандап, 200 жылға созылған қазақ-қалмақ соғысының соңғы нүктесін қойған, бүгінде төрткіл дүние түгел таныған өркениетті тәуелсіз Қазақстанның азаттығы жолындағы қасиетті жорығының бастауы болды.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар