Күйік шалған 7 жастағы Николай Кессенге жасанды тері трансплантацияланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Күйік шалған 7 жастағы Алматы облысының тұрғыны Николай Кессенге оңтүстіккореялық дәрігерлер ота жасады. «ҚазАқпарат» ХАА редакциясы баланың жағдайын білу үшін Ханган Сонсим клиникасының хирургы Джонг Укпен байланысқа шықты.

Профессордың айтуынша, 3 сағатқа созылған ота сәтті өткен.

40 жыл бойы күйік ауруларын емдеп келген орталықтың хирургы өз практикасында мұндай жағдайды бірінші рет кездестірген.

«Баланың ұртын қалыптастыру үшін мойны мен беті аумағына өз терісімен қоса жасанды тері комбинациясы трансплантацияланды. Енді баланың аузы толық жабылады. Баланың қолы, иығы, көкірек тұсына әлі де ота жасау керек. Мұндай көлемдегі күйікті практикамда бірінші рет көріп тұрмын», - деді Джонг Ук.

Сеулдік дәрігерлер 7-10 күн өткен соң балаға тағы бір ота жасамақ. Бұл жолы Николайдың қолдары мен иығына жасанды тері жапсырылады.

«Содан соң Николай Қазақстанға қайтып оралады. Тері шамамен 1 жыл ішінде жазылса, қайтадан ота жасауға келеді», - деді Джонг Ук.

Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Фейсбуктегі парақшасында Николайға Сеулдің ауа райы мен тамағы жаққанын жазды.

«Қазір Николай Сеулдегі Ханган Сонсим емханасында ем қабылдап жатыр. Кәрістердің тамағы балаға жаққан екен. Николай тола бастады», - деді Ғалымұрат Жүкел.

Айта кету керек, Талғар ауданының 7 жастағы тұрғыны Николайдың тағдыры туралы ең алғаш Аружан Саин дабыл қақты.

Кейінірек бұл істі Алматы облысының әкімдігі жіті бақылауына алды. Белгілі болғандай, баланың анасы ішімдікке салынып кеткен. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, қазір анасы мәжбүрлі түрде емделіп жатыр. Оны аналық құқығынан айыру ісі әкімшілік соттың қарауында.

Қайырымды қазақстандықтар баланың емделуіне 3 852 411 теңге жинап берсе, «Самұрық Қазына Траст» компаниясы 30 000 АҚШ долларын аударды. Қалған 28 150 АҚШ долларын белгісіз компания аударған. 

Баланы емдеуге барлығы 70 мың АҚШ доллары жұмсалды.

Соңғы жаңалықтар