Кувейт қазақ әдебиетін араб тіліне аудартуға қаржы бөлгелі отыр - Елші Алмас Абдраманов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деп атап өтіп, мәдени қазынамызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керектігін алға тартқан еді. Әлбетте жаһанданған әлемде заманауи қазақ мәдениетін, әдебиетін шет мемлекеттерде таныту ісі оңай емес. Бұған ауқымды мемлекеттік қолдау жасалып, жауапты орталық мемлекеттік органдар шеттегі елшіліктермен де қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Сонда ғана қазақ мәдениеті халықаралық ауқымда таныла бастайтыны анық. Осы межелі міндеттің орындалу барысы қалай деген сұрақпен Қазақстанның Кувейттегі Елшісі Алмас Абдраманов мырзамен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Елші мырза, Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ мәдениетін жаһанға таныту туралы міндеттер айтылған. Кувейттегі Қазақстан елшісі ретінде Сіз қызмет етіп жатқан елде, жалпы араб әлеміне қазақ әдебиеті мен мәдениеті бүгінгі күні қалай таныстырылып жатыр?

- Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов екі рет Кувейтке келіп, бірнеше кездесу өткізді. Оның нәтижесі де жаман емес. Кувейттіктер қазақ әдебиетін аудару жұмыстарына көмектесуге ықылас білдіріп отыр. Біз қазіргі уақытта ағылшын тіліне аударылған бірнеше шығармаларды тапсырдық. Сонымен қатар, біз араб тіліне аударуға ұсынылатын қазақ әдебиетін, қазақтың шығармаларын әзірлеп жатырмыз. Кувейттіктер аударма жұмыстарына қаржы бөлуге әзір отыр. Осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

- Негізінен араб тіліне қандай көркем шығармаларды аудартпақсыздар?

- Кувейттіктер біздің тарихи шығармаларымызды оқығысы келеді. Мұндағы оқырмандар да негізінен біздің халқымыздың тарихын көрсететін шығармаларға қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің шығармаларына деген сұраныс бар. Айта кетейік, бұған дейін де Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақ тіліндегі бірнеше шығармалар араб тіліне аударылды. Бұл арада айта кетерлігі, мен араб тіліне аударылған шығармаларды өзге де араб мемлекеттеріне тарату жағынан аса қиындық көріп тұрғаным жоқ. Сондықтан да, Араб Әмірліктерінде араб тіліне аударылған шығармаларды қайтадан аудартудың әлбетте, қажеті жоқ. Жаңа шығармалар болса құба құп. «Көшпенділер» араб тіліне аударылды.

- Жалпы араб әлеміне қазақ мәдениетін таныстыру шаралары қалай жүзеге асып жатыр?

- Кувейтке қатысты айтайын. Біздің, Қазақстанның Кувейттегі елшілігінің осы елде жұмыс бастағанына биыл үшінші жыл. Кувейттіктер жалпылама алғанда Қазақстанға қатты қызығып отыр. Соңғы уақытта, ресми Астананың Сирия төңірегіндегі ахуалды реттеуге қатысты конференция өткізуі, яғни «Сирияға қатысты Астана процесі» секілді саяси жағдайлар араб әлемінде белгілі бір резонанс тудырды. Бұған Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшелігіне сайлануын да қосуға болады.

Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі де Қазақстанды танымал ете түсті. Біздің елшілікке келіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы прогрессивті ел екенін, барып көргісі келетінін айтушылар көбейді. Қазіргі күні Кувейт пен Қазақстан арасында тікелей қатынайтын ұшақ рейсі жоқ. Виза мәселесінде де қиындықтар баршылық. Меніңше, мұның барлығы шешілетін шаруалар. Ең бастысы кувейттіктерде біздің мәдениетімізді танығысы келеді, ондай ниеттері жыл сайын артып отыр.

- Демек, кувейттік туристер елімізге келе бастайды деген сөз ғой...

- Иә, ондай үдеріс болуы керек. Дегенмен, біз кувейттік туристерді визалық режімді жеңілдету арқылы ғана тарта аламыз. Басқа жолы жоқ. Жалпы, кувейттіктер жаһанды аралағанды, әлем елдеріне саяхаттағанды жақсы көреді. Деректер бойынша Еуропадан жылжымайтын мүліктер сатып алу жағынан да олар алдына жан салмайды. Жалпы, парсы шығанағындағы халықты әлемнің белсенді жиһанкездері десе болады.

- Қазіргі уақытта Қазақстанға келемін деушілер қатары көп пе?

- Өте көп. Өкініштісі, кейбір объективті, субъективті себептерге байланысты, сосын визаға қатысты ондай туристер ағынына уәде бере алмай отырмыз. Визалық қатынаста қиындықтар бар, бірақ бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Алдағы жақын уақытта, туристердің легін арттырамыз деп ойлаймын.

- Жоғарыда бір сөзіңізде олар біздің тарихымызды танығысы келеді деп айттыңыз. Қазіргі уақытта елімізге келуге тілек білдіріп отырғандар этномәдениетімізге қызығушылық таныта ма?

- Қазақтың мәдениеті, дәстүрі шындығында әлем халықтары үшін қызықты. Бірақ, менің пайымымша, негізінен кувейттіктер үшін экологиялық туризм қызықтырақ болар. Шындығында Кувейт үшін Қазақстанның көрікті орындары аса танымал емес. Себебі, әлемнің бұл тарапын олар көп араламаған. Олар Еуропамен Оңтүстік Азиямен жақсы таныс. Өкініштісі, біз қазір оларға толық мүмкіндік бере алмай отырмыз. Біз өз тарапымыздан ол жақтағы телеарналардан жиі шығып тұрамыз, басылымдарға да ақпараттар беріп тұрамыз.

- Кувейттіктер қазақ әдебиетін аударуға қаржы бөлуге әзір деп айттыңыз. Бұл жақсы бастама екен, ал тәржімә жұмыстары қашан басталмақ?

 - Біз әлі нақты жоспар құрмадық. Олар қаражат бөлуге дайын екендігін білдірген еді. Бірақ қазақ тілінен араб тіліне аударатын аудармашылар жағы қиындық туғызып отырған жайы бар. Көркем әдебиетті керемет деңгейде аударатын жақсы аудармашылар тапшы. Әйтсе де қаржы бар, уағдаластық пен келісім бар, кувейттіктердің де ынтасы, сұранысы бар, бұл - ең бастысы. Жалпы айта кетейін, Кувейт билігі өз оқырманының таным көкжиегін, рухани деңгейін кеңейту үшін шет ел әдебиеттерін аудартып тұрады.

- Олай болса, көршілерімізден қай елдердің әдебиеттері араб тіліне көп аударылған? Посткеңестік елдердің ішінде қай мемлекет бұл салада белсенді?

- Ресей. Өйткені, Ресей араб елдерімен КСРО кезінен жақын араласып келеді. Біз үшінші жыл ғана жұмыс жасап жатқандықтан, Қазақстан Кувейтті енді ашып жатыр десек болады. Бұған дейін елшілер қосымша жұмыстар жүргізген, бірақ, қазіргідей белсенді емес. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Кувейт арасында достық, әріптестік қатынас дамып келеді.

- Елші мырза, уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар