Құтқарушылар жүрек тұсына темір кірген көлік жүргізушісін аман алып қалды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында БМВ көлігі жанармай құю стансасының қоршауына соғылды. Алдыңғы терезеден өтіп, жүргізушінің кеудесіне кірген қоршаудың темірін алып шығу үшін оқиға орнына құтқарушылар шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Облыстық ТЖД-дан мәлім еткендей, 20 қыркүйек күні сағат 06.23-те Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының кезекшілік бөліміне Абай даңғылы және Бөкейхан көшесінің қиылысы маңында жол көлік апаты болғаны хабарланды. Оқиға орнына 4 құтқарушы және 1 техника жөнелтілді.

Анықталғандай, БМВ маркалы көліктің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жанармай құю стансасының қоршауына соғылған. Қатты соққыдан қоршаудың темірі алдыңғы терезеден өтіп, жүргізушінің кеудесіне - жүрек тұсына кірген.

Құтқарушылар жүргізушінің басын қорғаныш материалмен жауып, темірді кесуге кіріскен.

Хабарланғандай, жедел жасақ қызметкерлеріне тірі адамның денесіне кірген темірді кесу қиынға соққан. Олар металды мүмкіндігінше тығыз ұстап тұруға тырысқан. Себебі ауырсынудан шок туындап, зардап шегушіге қосымша зиян келуі мүмкін еді. Жүргізуші естен талып қалмас үшін құтқарушылардың бірі онымен жұмысы, отбасы туралы әңгімелесіп тұрған. Абырай болғанда, құтқару операциясы сәтті өткен.

Зардап шегуші кеудесіндегі темірдің қалған бөлігімен жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Құтқарушылардың жедел іс-әрекетінің нәтижесінде автокөлік жүргізушісі тірі қалды.

Соңғы жаңалықтар