Құт-береке тұнған Құтпан жылы босағадан аттады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Міне, наурыз айы келіп, көктемнің лебі есіп, табиғат жаңарып, күн мен түнді теңелткен Жаңа жыл да босағадан аттады. Жыл санауы бойынша, Тауық жылымен қош айтысып, Ит жылын қарсы алып отырмыз.  Құтты, берекелі болып, байлығымен баршаға бақыт сыйласын деген тілекпен халқымыз Ит жылын еркелетіп «Құтпан» деп атаған. Ит жылының басталуы осы ақ тілеуді растағандай.

Ит жылы - 12 мүшел жыл тәртібінде он бірінші кезекте келеді екен де, он бір саны бірдің қайта бастан басталатын саны деп қаралады. Қазақ халқы Ит жылын жақсылықтың бастамасы, бақ пен ырыстың жолашары деп есептеледі. Ежелгі халық арасындағы есепшілер Ит жылының өзін ақ ит, сары ит, қызыл, көк, қара ит деп бес түрге бөледі екен. Сонымен бірге мұны бес нәрсеге (топырақ немесе жер, алтын, су, от, ағаш немесе өсімдік) де байланыстырады. Бұл айтылымдар бойынша биылғы Ит жылы (2018 - жыл) сары ит жылына жатады. Сонда осы бес реңдегі ит кезектесіп жарты ғасырда бір айналып келген сары иттің сары түсін алтынға, сары топыраққа балап «Биылғы ит жылы байлық пен мол өнім жылы болғай» деп Құтпан жылының баршаға құт сыйлауын тілейді.

 

Ит  - жеті қазынаның бірі

Жеті қазынаның бірі саналатын ит он екі мүшел жылдың бірі, жеті қазынаның бастысы. «Ит» сөзінің түрік тілдеріне ежелден төл атау екендігін ертедегі түркі жазба ескерткіштеріндегі деректер дәлелдейді. Ит - адамның жақын серігі. Ықылым заманнан бері мал шаруашылығын өз тіршілігінің тірегі етіп келген ұлтымыз үшін ит қора мен үйді күзетіп, мал мен жанды жыртқыштан, ұры- қарыдан қорғап, жапан түзде жалғыз-жарым жүргенде иесіне ес болатын жақын досы.

Қалай дегенмен жеті қазынадан ит тұқымы ойып түрып орын алған. Бірақ қазақ кез келген итті емес, иттің сырттанын, жүйрік, алғыр құмай тазыны қазынаға енгізген. Жеті қазынаның қатарында жүйрік aт, қыран бүркіт, берен мылтық қатарлы ер жігіттің ажырамас серігі ретінде ит те орын алған. Ердің қанаты - ат, ит - үйдің құлағы, тамағы мен киімін «асыраушы» - бүркіт, қорғанар қаруы - мылтық (бәлкім ертеректе садақ болуы ықтимал) болып, жеті қазынадан заңды түрде орын алған. Ал қазынаның қалған үшеуін әркім әрқалай пайымдайды. Оның бірі кімге де болса қажетті ілім-білім немесе заттық түрі кітап жеті қазынаға енеді. Ал қалған екеуі талас тудыратын заттар. Жеті қазынаға халқына пайда келтіретін ер жігіт және ақылды, сұлу әйел енеді десе, біреулер шаңырақтың құты, ырыс несібесінің тұрағы - қара қазан мен байлықтың көзі, берекенің кепілі - диірмен енеді дейді. Қалай дегенмен әйел үйдің құт-берекесі десек, оның тұрағы қара қазан халықтың дәстүрлі таным-түсінігінде бір-бірімен астасып тұрған, символикалық жағынан ұқсас. «Қара қазан» деп те бекерге айтылмаған, оның әбден тозығы жетсе де лақтырып тастамай итке итаяқ жасап береді. Бұл ит пен қазанның қазақ түсінігіндегі халық сеніміндегі құндылығы мен мән-маңызы тұрғысынан бір-біріне жақын ұғымдар және екеуі де құт пен берекенің тұрағына саналады.

  

Ит туралы ырым-тыйымдар

Итті қанша қастерлегенімен ас тағамдарға, әсіресе ақ тағамдарға иттің аузының тигенін қазақтар жаман ырымға жориды. Сондықтан киіз үйге ит оңай кіріп кетпес үшін «ергенек» (ергеншек) деп аталатын жіңішке ағаштардан жасалған ағаш салады, торлы бөгетті киіз есік ішінен істейді. Қазақта «есіктен ергенек кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз содан туған.

Сойылған малдың етіне адам ауыз тимей ит иіскеп немесе ауыз тиіп қойса, ет «харамдалды» деп ырымдайды қазақ сенімінде. Иттің қысқа-қысқа, үзіп-үзіп ұлуы жақсылық нышаны дейді қазақ. Ал оның мезгілсіз уақытта қасқырша ұзақ ұлуы, қыңсылауы жамандыққа жорылады. Ит ұлыса өлім-жітім болады, елге жамандық, бақытсыздық келеді, табиғат апаты (жер сілкіну, сел, көшкін, тасқын, боран) деп ырымдап ұлыған итті ұрып, ауылдан қуады.

Қазақта: «Ит көкке, яғни аспанға қарап үрсе сол үйдің шаңырақ иесіне «көрінеді», үй иесі өледі деп ырымдап жоритын ғұрып бар. Мұндайда кейде итті өлтіріп, жерге көміп, үстіне жеті кісі қара тас тастап бастырып, түкіріп «пәле-жала өз басыңмен кетсін»,- деп жатады. Мұндай ырым-тыйымдар Орталық Азия халықтарының көбінде ұшырасады.

Сонымен бірге адамдар ит таластыру арқылы сапалы ит тұқымдарын таңдап алып, оларды аңшылыққа, малшылыққа, тағы басқадай мақсаттарға пайдаланып келген. Кейде ауылдың қарадомалақтары «ит таластырып» көңіл көтеріп жататынын білеміз.

Бұрынғы кездегі аласапыран нәубат замандарда жан сауғалау қамымен «үрке, үдере» көшкенде итті серік етіп, оларға да шама-шарқына сәйкес қажетті заттарын теңдеп артқан. Ел басына күн туғанда амалы қалмаған немесе тақыр кедейліктен осындай аянышты халге душар болуды қазақ «итке қос артқандай» деген бейнелі сөзбен суреттеген.

Қазақ иттің елесті, белгісіз заттық емес бейнелерді сезуге, көруге, білуге қабілетті қасиеті бар дейді. Ертеде ит бақсылардың жынын көргіш келеді, бақсы отырған үйдің «босағасын қабады» деп сенген. Сол тәрізді ит бәле-жала, жын-шайтанды да көріп, оларға үреді дейді. Ал егер ит иесіне қарай жүгірсе тектен-тек емес. Ол шын мәнінде иесіне қарай келе жатқан бәле-жаланы көріп, оны хабарлауға асыға ұмтылады деген әпсана бар.

Иттің адамның түсіне енуінде адамдар әр-түрлі жорыған: егер түсіңде ит көрсең, адал досыңа сәттілік болады. Жүгірген ит көрінсе, онда өзің жаңа орынға жайғасуың мүмкін. Қара ит түске енсе - дұшпандарыңнан сақтану керек, ақ ит түске кірсе - жақсылықтың нышаны, ырыс құт келеді. Ал,  түске төрт көз ит кірсе немесе ақ төс қара ит көрінсе бұлар дұшпандарың, олардан сақтанудың қамын ойлану керек, дейді түс жорушылар.

Иесіне шын берілген тазы оған қауіп төнгенде өзін өлімге қиюға дейін баратын адал жануар. Ит адамға жақын табиғат ана перзенті болғандықтан Ит жылы келгенде адамдар ойға алған ісі орындалады, тоқшылық пен молшылық болады, олқылықтың орны толып, тыныштықта бейбіт мамыражай заман болады деп сенген. Қорытып айтқанда, итке қатысты қазақтардың дәстүрлі танымы, ырым-тыйым, сенім-нанымы этностың мәдениетіне, салтына қоғамдық өмірінде өзіндік рөл атқарған.

Сөз соңында оқырмандар назарына ел аузында  жиі айтылатын ит туралы мақал мәтелдерді ұсынамыз.

Ит - жеті қазынаның бірі;

Есіктен ергенек кетсе, иттен иба кетеді;

Жеңген ит желкесінен талайды;

Иттің құны - бір күшік;

Иттің басын алтын табаққа салсаң, шоршып түсер;

Ит те киімге қарап үреді;

Ит аузы тигенмен, дария суы арам болмас;

Итін жамандасаң иесіне тиеді;

Ит үрген жерде ауыл бар;

Итке темір не керек?

Ит баласы жүре азар;

Ысқырған жылан шақпайды, үреген ит қаппайды;

Жақсы ит өлігін көрсетпейді;

Асыранды күшік аузыңды жалайды;

Итті қонақ жараспас;

Ауыл итінің достығы, ортаға сүйек тастағанша;

Сүйекпен ұрған ит қыңсыламайды;

Қойға қасқыр шапса, ит семіреді;

Ит ұяласынан қорықпас;

Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды;

Түлкі алған итте сын болмас;

Табаны қышыған ит керуенге үреді;

Иттің жатқан жері - төсегі;

Иттің ішіне сарымай жақпайды;

Итті тепсең - ырысыңды тебесің;

Ит жоқта шошқа үреді;

Ит әлі жеткенін талар;

Ит қорыған жерге өш;

Жаман күшіктің атын Бөрібасар қояр;

Итке үкі жараспайды;

Ит арық болса, ауылдың намысы;

Ит атасын танымас;

Бір ит көріп үреді, екі ит еріп үреді;

Ит жемес асынан дәметеді;

Қазаныңнан қақпақ кетсе, иттен қанағат кетер;

Ит тойған жеріне, Ер туған еліне;

Ит иесі үшін жүгіреді, құс тамағы үшін ұшады;

Өлсе - ит терісі, өлмесе - қой терісі;

Иттің ырылдасқаны - амандасқаны;

Итке артқан қос жолда қалар;

Ит не жесе соны құсады;

Ит бір сүрінсе, қырық сүрінеді;

Соңғы жаңалықтар