Күштік құрылымдар арасындағы рухани жаңғыру байқауы қорытындыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Рухани жаңғыру - патриотизм негізі» атты тақырыпта күш-қуат құрылымдары арасында өткен республикалық ведомствоаралық байқау қорытындыланды. Дәстүрге айналған аталмыш шара биыл үшінші рет өткізілуде, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Байқаудың негізгі мақсаты - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау мен патриоттық рухты күшейтуге қадам жасау.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасымен және Президент Әкімшілігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту комитетінің қолдауымен өткізіліп жатқан шараны ҚР Мемлекеттік хатшысы Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы ашты. Ол республикалық деңгейде өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқтала келе барлық командаларға сәттілік тіледі.

Шара қонақтарының қатарында ҚР Президент Әкімшілігінің өкілдері, Конституциялық Кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, сондай-ақ құқық қорғау мен мемлекеттік органдардың өкілдері болды.

Байқауға - Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік күзет қызметі өкілдерінен құрылған 6 команда қатысты.

Командалар 2 айналым бойынша сайысқа түсіп, бақ сынасты. Біріншісі - мемлекеттік органның қызметі және рухани жаңғыру аясындағы атқарылып жатқан нақты істерге негізделген таныстыру мен бейнебаян сынды екі бөлімнен тұрса, ал екіншісі - «Рухани жаңғыру - патриотизм негізі» сахналандырылған көріністен тұрды.

Сайысты тамашалауға келген қауым командалардың шығармашылығына әбден қанық болды.

Әрбір ведомствоның өкілдері мемлекеттік тілді жетік білетінін, оны кәсіби қызметте қолдану дағдыларын әрі шеберліктерін өзара сынға салды.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Бірінші орынды - Қорғаныс министрлігі, Екінші орынды - Бас прокуратура және Мемлекеттік күзет қызметі, Үшінші орынды - Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті командалары иеленді.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқаудың жекелеген айналымдарында ерекше көзге түскен қатысушылар түрлі номинациялар бойынша алғыс хатпен ынталандырылды.

Соңғы жаңалықтар