Құрылыс компанияларының бірыңғай тізімін жасау керек - «Атамекен» ҰКП

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде құрылыс компанияларына лицензияны беру саласында тәртіп бұзушылықтар аз емес. Соның салдарынан саны көп, сапасы аз компаниялар көбейіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін құрылысты жүргізуге 29 мың лицензия берілді. Алайда белсенді жұмыс істеп жатқан компаниялардың саны 300-ге де жетпейді.

«Бүгінде I санаттағы лицензияны алу қиын емес. II санаттағы лицензия да солай. Ондай компанияны небәрі 18 миллион теңгеге сатып алып, құрылыспен емін-еркін айналысуға болады. Ол үшін тәжірибені де дәлелдеудің қажеті жоқ. Кәсіби мамандарды да, теxниканы да сұрамайды. Интернетке сұрау салсаңыз, құрылыс компанияларының тізімі шыға келеді», - дейді палата төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов.

Оның айтуынша, республика бойынша 1300 компанияның I санаттағы лицензиясы бар. Бірақ олар немен айналысады, қандай нысандарды салып жатыр, оны ешкім білмейді.

«Аталған проблеманы шешу үшін «Атамекен» палатасы құрылыс компанияларының бірыңғай тізімін жасауды ұсынады. Онда компания салып шыққан нысандар, материалдық-теxникалық база, аттестациядан өткен мамандар, бұған дейін алған тендерлер және тағы басқа ақпарат көрсетілуі шарт. Бірыңғай тізімнің арқасында лицензия берудің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Компаниялар арасындағы бәсеке де қыза түседі. Ондай тәжірибе Беларусь елінде бар», - деп атап көрсетті Е.Рамазанов.

Айта кетейік, бүгін кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінде сарапшылар арнайы зерттеудің нәтижесін жариялап, демпингке қатысты нақты мысалдарды да келтірді.

Соңғы жаңалықтар