Құрманғазының мерейтойына орай ғылыми экспедиция жолға шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойына орай «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты халықаралық ғылыми экспедиция жолға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара мақсаты - күй атасының өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер жинастыру, оның туындыларын насихаттау.

ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін Құрманғазының 200 жылдығына арналған экспедиция алдымен күй атасының ұстазы Ұзақ күйші жерленген Қаратөбе ауданына бет бұрды.

Экспедиция мүшелері Аққозы ауылдық округіндегі Ұзақ Мырзабайұлының кесенесінде болып, күйшінің рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Экспедицияны бастап келген БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өңірде көптеген шаралар атқарылғанын, осынау жорық соның бір жалғасы екендігін атап өтті.

Ұзақ күйшінің ұрпағы Айжан Қазбаева келушілерге ризашылығын білдіріп, ғылыми мақсатта жолға шыққандарға рухани қазынаны жинастыруда сәттілік тіледі.

Аудан әкімдігінде өткен «Қос ішектегі құдірет» атты дөңгелек үстел отырысында экспедиция мүшелері, ардагер журналист Тихон Әліпқали күй өнері туралы сөз қозғаса, ақын Дариға Мұштанова Ұзақ күйшіге арнаған өлеңін оқып берді. Құрманғазы домбырасының көшірмесін жасаған күйші, республикалық «Үкілі домбыра» байқауының екі мәрте жүлдегері Едіге Нәбиев пен домбырашы-ұстаз Асқар Кенжеғалиев Құрманғазының күйлерін орындады.

Айта кетейік, экспедиция Батыс Қазақстанның сондай-ақ Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарында болып, сапарды 29 сәуір күні Құрманғазы мәңгілік тыныс тапқан Астрахан облысы Володар ауданы Алтынжар ауылында қорытындылайды.  

null null 

Соңғы жаңалықтар