Құман Тастанбековты 20 желтоқсанда ақтық сапарға шығарып салады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының мəдениет жəне архив басқармасы танымал актер Құман Тастанбековтың жаназасы өтетін орнын жəне күнін хабарлады.

«Құман Тастанбековпен қоштасу рəсімі 20 желтоқсан күні таңғы 10-да актердің 1968 жылдан бері қызмет еткен орны - М.Əуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында өтеді", - делінген басқарма хабарламасында.

Танымал қазақстандық актер Құман Тастанбеков 72 жасында Ақтау қаласында дүние салды. Актер Маңғыстау облысындағы туыстарына қонаққа барған.

Жексенбі күні 17 желтоқсанда Құман Тастанбековтың мəйіті Ақтаудан Алматыға ұшақпен жіберілді. Марқұмның мәйітін шығарып салуға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен жергілікті зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары әуежайға жиналды.

 Əуежайда Маңғыстау облысының əкімі Ералы Лұқпанұлы марқұмның өмірлік жары Меруерт Қаратайқызына, балалары мен ағайын-бауырларына және актердің өнерін қастерлеп, азаматтық тұлғасын қадір тұтқан барша қауымға Маңғыстау жұртшылығының атынан көңіл айтты.

Еске сала кетейік , бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбековтің қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. 

Жеделхатта Қ.Тастанбековтің отандық театр және кино өнерін дамытуға, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан зор үлесі атап көрсетілген.

«Оның жарқын бейнесі мен ұлт өнеріне сіңірген еңбегі халық жадында әрқашан сақталатынына сенімдімін», - делінген жеделхатта.

 Құман Тастанбеков 1945 жылы бұрынғы Талдықорған облысында дүниеге келген. Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Лениндік комсомол сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.

1969 жылы Қазақ Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетін бітірген.

Ол сахнада О. Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» - Жан, «Вьетнам жұлдызындағы» - Ұшқыш, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» - Тәңірберген, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» - Ақан, С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» - Шоқан, Т. Ахтановтың «Антында» - Сауран, М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» - Әлібек, Т. Ахтановтың «Жоғалған досында» - Естемесов, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» - Қасым, «Ақ кемесінде» - Құлбек, Е. Домбаевтың «Біздің кластың қыздарында» - Төлеген, Б. Мұқайдың «Өмірзаясында» - Цезарь, Ф.Эрвенің «Түлкі бикешінде» - Флоридор, Н. Хикметтің «Фархад-Шырынында» - Фархад сынды негізгі рөлдерді сомдады.

Театр репертуарында жүріп жатқан спектакльдерде - Шахимарденнің «Томирисінде» - Балқаш, С. Торайғыровтың «Қамар сұлуында» - Омар, С. Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» - Жақыпбек, Т. Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» - Жалғасбек, Б. Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» - Қария, М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясында - Андрей, Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» - Штейниц, Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» - Монтекки, Д. Кобурнның (ауд. Е. Аманшаев) «Жынойнағында» - Веллер Мартин (реж. Е.А маншаев, А. Кәкішева), А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» драмасында (ауд. Ә. Бөпежанова, реж. Р. Андриасян, А. Кәкішева) - Кулыгин рөлдерін сомдаған.

Қ. Тастанбековтің кино өнері саласындағы еңбегі де елеулі. Ол атақты «Қыз Жібек» фильміндегі (режиссер С. Қожықов, сценарий Ғ. Мүсірепов, редактор А. Сүлейменов, 1970 ж.) Төлеген рөлімен «жұлдызы жанған» актер. Бұдан кейін де көптеген фильмге - «Біздің Ғани»» (1971), «Мұнда аққулар ұшып келеді» (1973), «Аққулар жаңғырығы» (1974), «Қосымша сауалдар» (1978), «Ағамның қалыңдығы» (1979), «Провинциалды роман» (1981), «Қараша қаздар қайтқанда» (1981), «Өрнек» (1982), «Алаң жиегінде» (1982), «Кімсің сен, салт атты?» (1987),«Адам-жел» (2003), «Махамбет» (2008) т.б. түскен.

Соңғы жаңалықтар