Құқық қорғау органдары тарапынан азапқа ұшырағандар өмір бойы билікке өкпелі - Жақып Асанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құқық қорғау органдары тарапынан азапқа ұшырағандар өмір бойы билікке өкпелі болып өтеді. Мұндай пікірді бүгін 4-ші түрме реформасы форумында еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күн тәртібінде тағы бір мәселе бар. Ол - азаптаумен күресу. Бұл адамға қарсы жасалатын ең қатыгез, ең аяусыз қылмыстар. Кейбір қызметкерлеріміз қолындағы билікті пайдаланып, адамдарымызды қинайды, ұрып-соғады, арын аяққа басады. Бұл шынын айтсақ сұмдық, 21 ғасырда», - деді Асанов.

Осы орайда Бас прокурор құқық қорғау органдары тарапынан азаматтарың азапқа ұшырауына қатысты екі мысал келтірді.

«Мәселен, Қарағандыда Синявин деген азаматты азаптағаны соншалық, ол эпилепсияға ұшырап, қазір мүгедек. Слекишина. Мұны бүкіл республика біледі, ел біледі. Ақпарат құралдары жарыса жазды. Слекишинаға қатысты тек осы бір факті ғана бүкіл құқық қорғау жүйесіне кір келтірді», - деді ол.

Сонымен қатар ол бұл тек ашылған қылмыстар екендігін айтты.

«Ал ашылмағандары, дәлелсіз қалып жатқаны қанша білмейміз. Азапқа ұшырағандар бұлар қорғаудың орнына қорлайды, деп өмір бойы билікке өкпелі. Осыдан кейін бізге халық тарапынан қандай сенім болуы мүмкін? Сондықтан біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Арнайы топ құрдық Иогань Давыдовичтың басшылығымен арнай топ жұмыс істейді», - деді Жақып Асанов.

Соңғы жаңалықтар