Құқық қорғау қызметі орталығында халыққа қызмет түрлері қалай көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Бас прокуратураның жанынан ашылған құқықтық қызмет көрсету орталығының басшысы Сағатбек Сүлеймен мен  ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің басшысы Бағдат Мусин жаңадан ашылған құқық қорғау қызметтері орталығында қызмет түрлері қандай тәртіппен көрсетілетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

null
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Бас прокуратураның ғимаратында халыққа құқық қорғау қызметтерін көрсететін бірегей орталық жұмысын бастады. Жаңа орталықта адвокаттар, медиаторлар, нотариустар, пробация қызметкерлері мен психологтар жұмыс атқаратын болады. Орталықта жалпы 20-ға жуық қызметкер жұмыс атқарады.

Алғашқы қызметті операторлар көрсетеді.

«Орталыққа арыз-шағымымен келген адамдар ең алдымен «Reception» аймағына барып, ақыс-кеңес алады. «Reception» аймағының қызметкерлері келген адамды электронды кезекке тұрғызып, талон береді. Келген адам күту залына барып, таблода нөмірі жанған уақытта Халыққа қызмет көрсету орталықтарындай нөмірлі орындарға, яғни операторларға барады», - дейді ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің басшысы Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, операторлар конкурстық негізде таңдалып алынған. Олардың тапсырмасы - адамдардың арызын ақпараттық жүйеге келтіру, арыздың эмоционалдық тұсын ажыратып, прокурорға жолдау. Ақпараттық жүйе барлық қажетті базаға қосылған. Егер адам белгілі бір өңірден келіп, жеке куәлігін көрсетсе, оған қатысты барлық әкімшілік немесе қылмыстық істер туралы ақпарат оператордың компьютерінде шыға келеді. Оператор жұмысын атқарғаннан кейін арызданушы кезек күту залында прокурордың шақыруын күтетін болады. Таблода тағы да өз кезегі келгенін көрген арызданушы прокурорға барғаннан кейін құзырлы органның қызметкері нақты қандай тәртіппен жұмысты жалғастыруды шешеді, яғни бағыт береді.
null

«Прокурор арызданушының ісімен танысу үшін қайтадан оны бірнеше күннен кейін шақырады. Бұрын арызды арызданушыдан жазбаша түрде қабылдап алып, жауапты электронды пошта арқылы жолдайтынбыз. Бұған кем дегенде 15 күн кететін. Ендігі кезекте, бұның бәрі электронды канал арқылы жүзеге асырылып, істің көшірмесі жасалып, бірден құқық қорғау қызметінің орталығына беріледі», - дейді Бағдат Мусин.

Құқық қорғау қызметтері орталығында сондай-ақ, электронды үкіметтің зонасы құрылған. Адамдарға арызды өткізу үшін кейде ХҚКО-ның қызмет түрлері керек болып жатады. Ол қызметті арызданушы дәл осы орталықтан ала алатын болды. Арызданушыға орталықта E.gov-тың 30-ға жуық қызмет түрін алуына жол ашылған.

Кел келген басшыға видеоөтініш жолдауға болады

Азаматтар үшін үкімет корпорациясы дирекциясының жетекшісі Шоқан Әбділмановтың түсіндіруінше, арызданушы орталықтағы жеке жұмыс секторында мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына видеоөтініш арқылы шыға алады.

«Ол секторда келген адам кез келген министрліктің басшысына шыға алады. Арызданушы осы жерде электронды поштасы мен телефон нөмірін тастап кетуі керек. Видеоөтініш аяқталғаннан кейін бірнеше күн өткен соң жауап электронды мекенжайға келеді. Егер арызданушының үйінде интернет болмаса, әлгі адам қайтадан орталыққа келіп, өзінің құпия коды арқылы жауапты ала алады. Жауап бейнежазба немесе қағаз жүзінде келуі мүмкін», - дейді Азаматтар үшін үкімет корпорациясы дирекциясының жетекшісі Шоқан Әбділманов.
null

Құқықтық қызмет көрсету орталығының басшысы Сағатбек Сүлейменнің сөзіне сүйенсек, прокурорлардың кабинетінде 4 прокурор келушілерге қызмет көрсетеді. Бір сөзбен, прокурорлар арызды қабылдап, іс-құжаттарды сұратып, ізінше қажетті шешімдерді қабылдап, арызданушының ыңғайына қарай мүмкіндік туғызады.

«Барлық қабылдау видеожазбаға түсіріледі. Ақпараттық жүйенің каналдары бар. Бұл қадам бұрын адамдардың мазасын алатын созбалаңқылықты жояды. Арызданушының мәселесіне қандай мекеме жауапты екенін прокурорлар бірден анықтап береді», - дейді Сағатбек Сүлеймен.

Орталықта сонымен бірге ұжым арызын қарайтын арнайы конференция залы ашылған. Конференц-залда адамдарға құқықтық ақыл-кеңес беру қызметтері көрсетіліп, өңірлермен видеобайланыс орнату мүмкіндігі бар. Шағымдар келіп жатқаннан кейін, бұл мәселелерді жинақтап, конференция залында қарау аса ыңғайлы болып келеді.

Өзге елдерде мұндай орталықтар кездесе бермейді

«Өз-өздерін қорғауға ақысы жоқ немесе әлеуметтің аз қамтылған адамдар адвокаттарға келіп тегін ақыл-кеңес немесе көмек ала алады. Жоғары білікті көмек көрсететін 2 адвокат жұмыс күндері сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыста болады. Заң бойынша аз қамтылған адамдарға мемлекеттік бюджет есебінен адвокаттар тегін қызмет көрсетеді. Психологтар ашуланып,  қиналып келген адамдарға көмек береді, себебі барлық сатылардан өтіп келіп, соңғы үмітін Бас прокуратурадан іздейтін кейбір адамдар сөзге тоқтамауы мүмкін. Сондықтан, психологтар кабинетін арнайы ашып отырмыз», - дейді Сағатбек Сүлеймен.

Келген адамдарға нотариус қызметін көрсететін кабинет те бар. Адамдардың кейбір санаттарына заң бойынша нотариус қызметі тегін болады. Бұған қоса жазасын өтеу мекемесінен шыққандар көп жағдайда әлеуметтік және құқықтық мәселелерге тап болып, жұмыс таппай қиналуы ықтимал. Осы мәселелерді пробация кабинетінде шешуге болады. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету заң бойынша жүргізіледі. Пробацияның 4 түрі бар. Орталық басшылығы сот алды пробацияға баса маңыз беруді көздеп отыр.

Медиация кабинетін екінші сөзбен бұрынғы «билер алқасы» деп те айтуға болады. Екі кабинеттің бірі адамдардың жеке, яғни бетпе-бет мәселені шешуіне бейімделсе, екіншісі көпшіліктің талқысына арналған дөңгелек үстел ретінде жасалған. Бұл тұста еуропалық стандарт негізге алынған екен.

«Басқа елдерде мұндай орталықтар жекелеген және аз ғана қызмет түрлерін көрсетеді. Бір сөзбен, басқа мемлекеттерде мұндай орталықтар жоқтың қасы деп те айта аламыз. Орталыққа біліктілігі жоғары прокурорларды таңдап алдық. Басты мақсатымыз -азаматтардың арыз-шағымдарын тез әрі ашық, жариялы түрде қарап, мәселелерін шешу. Адвокаттар, нотариус және пробация қызметкерлері, прокурорлар мен операторлар - барлығы да адамның басындағы дауды шешуге көмектеседі», - деп түйді Бас прокуратураның жанынан ашылған құқықтық қызмет көрсету орталығының басшысы Сағатбек Сүлеймен.

Соңғы жаңалықтар