Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті отырысы өтті.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыс барысында 2017 жылға құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі өңірлік ВАК жұмысының нәтижелері талқыланды және ВАК жұмысының 2018 жылға арналған Жоспарының жобасы мақұлданды. 

Айта кетейік, «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жанынан құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Ведомствоаралық комиссиялар құрылды және жұмыс жасайды, олардың төрағалары облыс және аудан (қала) деңгейіндегі әкімдер болып табылады. ВАК жұмысшы органы - ҚР ІІМ.

ІІМ бастамасымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды (құрамында ҚР ІІМ, ҰЭМ, ДСМ және ЕХӘҚМ өкілдері бар), ол Қостанай, Қызылорда және Алматы облыстарының өңірлік ВАК жұмысының тиімділігін тексерді.

Жеке өңірлік комиссиялардың қызметін «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру сапасын тексеру бойынша ҚР Президенті Әкімшілігі жанынан құрылған жұмыс тобы тексерді.   

Әр өңірде комиссия құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, ал 2016 жылдан бастап жергілікті полиция қызметінің басшылары да енді.

Комиссия жұмысының 2018 жылға арналған Жоспар жобасы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың құқық бұзушылықтардың алдын алудың 2017-2019 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыруы мәселелерінен, сондай-ақ маскүнемдік, нашақорлықтың алдын алу бойынша жұмыстан және құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілерімен жұмысты одан әрі жетілдіруден тұрады.  

Соңғы жаңалықтар