«Құдайтану баяны» оқулығының қазақ тіліне аударылуы жақсы бастама - Кеңшілік Тышқан

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны»  оқулығының қазақ тіліне аударылуы жақсы бастама. Мұндай пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі Кеңшілік Тышқан білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылатын кітаптар тізіміне Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны»  енгізіліп, алғашқы лекпен қазақ тілінде жарық көріп отыр. Әрине, дінтану саласындағы оқулықтардың тапшы екендігін назарға алатын болсақ, мұны жақсы бастама деп есептеуге болады.   Жалпы бүкіл дінтанудың проблемасын құдай тарихымен немесе бір кітаппен шешу қиын», - деді ол.

Дегенмен, оның айтуынша, еуропалық деңгейдегі Құдайтану түсінігінің қазақ тілінде жарық көруі дұрыс. Өйткені, бұл кітап Еуропадағы исламдық және христиандық іліммен жете танысуға мүмкіндік береді.

«Мұны қазақ тіліне аударылуға тиісті бірден-бір оқулық деп айтуға қиындау. Дегенмен бұл осы саладағы іргелі еңбектердің ішінен іріктеп алынды. Оқулықты саланың білікті мамандары аударғаны көрініп тұр, тілі жатық, сөйлемдері ойға қонымды. Аударушылары осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, нағыз маманға айналған  білгірлер, яғни ғылым докторы, кандидаттар. Сондықтан олардың бұл саланың қыр-сырын білетін, түйткілді мәселелерін  жақсы түсінетін маман екендігіне еш күмән келтіре алмаймыз», - деді Кеңшілік Тышқан.  

Айта кетейік, бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орталық сарапшылық кеңесінің отырысы өтіп, онда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген оқулықтар талқыланды.

Соңғы жаңалықтар