Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 330.22
EUR 388.07
RUB 5.60
CNY 49.93

Қуат Домбай: Нарықта қазақ тілді кітаптарға сұраныс артатын болады

Қуат Домбай: Нарықта қазақ тілді кітаптарға сұраныс артатын болады
2017 жылғы 10 қараша 11:03 1442

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алдағы екі-үш жылда қазақ тілді кітаптар коммерциялық жоба ретінде сұранысқа ие бола бастайды. Жақында ғана аяқталған «Алтын қалам-2017» байқауына орай ҚазАқпарат тілшісімен сұхбатында белгілі РR маманы Қуат Домбай осындай пікір білдірді. Айта кетерлігі, Қуат Домбай бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілді ПИАР сапасы жағынан орыс тілді ПИАР-дан жоғары деңгейге көтерілді деген пікір айтқан еді. Бүгінгі сұхбатында маман жаңа заман әдебиетінің мазмұндық жағымен қатар, қоғам сұранысына лайық болу мәселесін де көтерді.

- Қуат Есенжолұлы, сіз жақында ғана мәресіне жеткен «Алтын қалам-2017» байқауының ұйымдастыру комитеті мен қазылар алқасында болдыңыз. Бұл байқау Қазақстанда алғаш рет жазушы шығармасын қаламгер емес, оқырман бағалайтын ерекше жоба ретінде танылғаны белгілі. Биыл 6-шы рет өткізіліп отырған байқаудың артықшылығы неде?   

- Биыл өткен «Алтын қаламның» екі ерекшелігі бар. Біріншіден, былтырғы өткен байқауға қарағанда биыл қатысушылар саны екі есе көп болды. Былтыр қазылардың қарауына 520 шығарма келіп түссе, биыл 1000-нан асып кетті. Осының өзі - өте жақсы көрсеткіш. Сосын біз биылғы жылғы байқауда ең үздік шығарманы «Алашорда» қозғалысының 100 жылдығына арнадық. Бұл - екінші ерекшелігі. Соған орай, яғни қазақ елі үшін «Алаштың 100 жылдығы» айтулы дата болғандықтан, ең үздік тарихи немесе патриоттық элементі бар шығармаға осы жолы жүлде бердік. Нақтырақ айтқанда, биыл тұңғыш рет тағайындалған қазақтан шыққан алғашқы меценаттардың бірі Есенқұл Маманов атындағы сыйлық «Алашорда» тақырыбын қамтыған үздік туындыға берілді. Бас жүлде - 1 млн теңгені тарихшы-жазушы, астаналық Әміржан Әлпейісов иеленді. Балалар жазушыларына арналған «Дарабоз» байқауының бас жүлдесін және 1 млн теңгені жазушы, қарағандылық Төкен Әлжантегі жеңіп алды. Сонымен қатар, сатира жанры биылдан бастап жазушы, сатирик, аудармашы Есенжол Домбай атындағы «Жылдың үздік сатирасы» болып өзгертілді. Бұған дейін 11 рет өткізілген балалар жазушыларына арналған Халықаралық «Дарабоз» байқауы биыл бірінші рет «Алтын қалам» әдеби жүлдесі аясында өткенін де айта кету керек. Бұл балалар тақырыбындағы туындылардың санын ғана емес, сапасының да артуына септігін тигізді. Биыл «Алтын қалам - 2017» байқауына қазақ және орыс тілдерінде жазылған 1 076 жұмыс түсті. Бәйгеге Қазақстан ғана емес, АҚШ, Германия, Украина, Ресей, Израиль және Беларусь елінде тұратын авторлар да қатысты. Бұл да қаламгерлерге арналған байқаудың ауқымы артып отырғанын білдірсе керек.

- Ал әдеби шығармалардың сапасы қаншалықты көтерілген?

- Шығармалардың сапасы да жылдан жылға артып келеді. Осы орайда айта кететін жайт, қазір жалпылама алғанда қалада қазақ тілінде сөйлейтін, оқитын жастар көбейіп келе жатқан үрдісті байқаймыз. Әдебиет жастарымызға әсер етуі керек. Бұл қоғам үшін маңызды. Мысалы, мәдениет саласы, соның ішінде шоу-бизнестің соңғы 5 жыл ішінде қатты өзгеріске түскенін айтуға болады.

Жалпы, мәдениеттің дамуы үшін ол сан алуан болуы шарт. Ұлттық мәдениет те, ұлттық әдебиет те жастарымызға әсер етеді. Мен 10 жыл бұрын «Хит ТВ» арнасының президенті болдым. Сол кезде бір шараға 70 мың адам жинау үшін шет елден немесе ресейлік танымал жұлдыздарды шақыру керек болатын. Ал, енді биыл «Гакку» арнасымен бірігіп ұйымдастырған концертке 100 мыңнан астам адам жинадық. Концертте тек қана қазақша әндер болды.

Бұл арада бизнес қауымдастық та құр қалмайды, жарнамаға ақша салады. Осы арада экономикалық табыс болады. Мәдениет саласының өз экономикасы болса ол да алға жылжиды. Шынымен, мәдениеттің экономикалық бөлігі болуы және ол табыс табуы керек.

Осы ретте «қазақстандық қаламгерлер осы жағынан неге дамымай қалды?» деген заңды сұрақ туындайды. Қазақша кітап жазып, оны сата алмаса, жазушы қалай күн көреді? Қазақстан кино индустриясы да табыс таба бастағаны белгілі. Мысалы, биыл Қазақстанда түсіріліп жатқан кинолардың саны 35-тен асты. Жақсы көрсеткіш. Бұл - бізде шығарылған кинолар, продюсерлер табыс таба бастады деген сөз. Кітап индустриясы да осындай болуы керек.

Мен 2009 жылы «Понтсыз пира» атты кітабымды шығардым. Сол кезде байқағаным, кітаптың бағасы 300 теңгеден асса, мүлде сатылмайтын еді. Былтыр, «Мен жындымын» деген кітап шықты, бұл кітап - «Алтын қаламның» жүлдегері. Қазір сол кітап 2000 теңгеден сатылып жатыр. Жақсы сатылып жатыр, сұраныс бар. Кітап үшін 2000 теңге коммерциялық баға болып есептеледі. Яғни, Қазақстанда осы бағамен кітап сатылып жатса, онда біздің де нарықтың піскені. Бұл - жақсы нышан, мұны нарықтың «сигналы» деп қабылдауымыз керек. Ендеше алдағы 2-3 жылдың ішінде қазақша кітаптар сұранысқа ие болады.

- Қуат Есенжолұлы, биылғы «Алтын қаламда» қаламгерлер қай тақырыптарға мән берген екен?

- Қаламгерлер көбінесе әлеуметтік проблемаларға мән бере бастады. Бұл жақсы үдеріс. Жалпы, қазіргі уақытта бүгінгі заманды көрсететін, қазіргі шынайылықты айшықтайтын әдеби шығармалар керек. Қоғамда өмір өзгерді, ал сөрелерде әлі сол ескі кітаптар тұр. Осыған байланысты айта кетейін, біз «Алтын қалам» арқылы жаңа жазушыларды іздейміз.

- Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет. 

PS: «Алтын қалам-2017» байқауына қазақстандық авторлармен қатар, АҚШ, Израиль, Германия, Ресей секілді әлемнің 6 елінің жазушылары қатысқан. Биыл ұйымдастыру комитеті және қазылар алқасы құрамында: Досым Сәтпаев, Айдос Сарым, Арман Шораев, Нұржан Мұхамеджанова, Расул Жұмалы, Кенже Жұманұлы, Қуат Домбай, Әйгерім Райымқұлова, Бекнұр Қисықов, Татьяна Филипчик болды. Конкурстың басты ерекшелігі, бастамашыл топ пен қазылар алқасының мүшелері әдебиетшілер емес. «Бұл байқауды әділ өткізу үшін жасалған», - дейді ұйымдастырушылар. Сондықтан, «Алтын қалам» - үздіктерді қаламгерлер емес, оқырмандар анықтайтын Қазақстандағы тұңғыш байқау.

«Алтын қалам» ұлттық әдеби жүлдесі алғаш рет 2010 жылы өткізілген. Сонымен қатар, сол жылы «Қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін» аталымы бойынша саяси қылмыскер деп айыпталып, Қытай түрмесінде 40 жылдай отырған жазушы Қажығұмар Шабданұлы марапатталған болатын. Бұл қаламгердің туған отанынан алған алғашқы әдеби сыйлығы еді.

«Алтын қалам - 2017» байқауының биылғы жылғы жеңімпаздары: Нұржан Нұрбек «Жылдың үздік поэзиясы», Мақсат Қарғабай «Жылдың үздік прозасы», Жомарт Айдаров «Жылдың үздік кино сценарийі және драматургиясы», Төкен Әлжантегі «Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер әдебиеті, «Дарабоз», Ералхан Жылқайдарұлы «Жылдың үздік сатирасы», «Алашордаға 100 жыл!» аталымы бойынша тағайындалған ерекше жүлде астаналық Әміржан Әлпейісовке бұйырды. Сонымен қатар, «Жылдың үздік фантастикасы және детективі» Оларбек Бекболатовқа бұйырды. Ал, «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» жүлдесі Шерхан Мұртазаға жолданды. 


Қуат Домбай: Нарықта қазақ тілді кітаптарға сұраныс артатын болады 
Қуат Домбай: Нарықта қазақ тілді кітаптарға сұраныс артатын болады 
Қуат Домбай: Нарықта қазақ тілді кітаптарға сұраныс артатын болады 

Басты сөздер: Әдебиет,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер