Қуаныш Сұлтанов: Кей отандастарымыздың өз тілінде сөйлемеуі - ұлттық сананың төмендігін көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, профессор Қуаныш Сұлтанов «Алаш» партиясының 100 жылдығына арналған «Алаш және дербестік мұратының жалғастығы» атты баяндамасында мемлекеттік тілдің мәселесін көтерді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біз бүгін ХХ ғасырдың басында ұлт бостандығы мен ағартушылық мүддесіне біріккен Алаш үкіметінің қайраткерлерінің рухына тағзым етіп, олардың идеялары мен армандарын сараптап, бүгінгімізді бағалап,ертеңімізді айқындау үшін пікір қосуға жиналдық. Елбасының құттықтауының әр сөзіне көп мағына сыйып тұр. Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінен бастап, ұлттық мемлекет және оның тәуелсіздік идеясын терең зерттеп, зерделеудің маңыздылығына назар аударды. Жаңа дәуірдегі мемлекетіміздің қатаң да қайырымсыз бәсекелестікке қабілетті болуын, қайшылықты жаһандық құбылыстарға жұтылып кетпей, өркендеуге ілесе алсақ қана ұлтымыз мәңгі ел боларына айрықша екпін беріп келеді», - дейді депутат.
null 

Қуаныш Сұлтановтың өз сөзінде 1917 жылдың аласапыран тұсында Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш зиялылары кеңес үкіметінің басшыларымен Қазақ автономиясы талаптары бойынша келіссөз жүргізе отырып, дербес мемлекет құру идеясын көздегенін еске салды.

«Алайда келісім де, сенім де ұзаққа бармады. Алаш үкіметі жылға жуық мерзімде таратылды. Таратылып Алаш қайраткерлерін, олардың әулетін, отбасын ұзақ мерзімге созылған қуғындау большевиктердің қанқұйлы тәсіліне айналды. Алаш үкіметінің идеясын жарыққа шығарып,  тарихымызды қалпына келтіру мүмкіндігі 1991 жылы ғана туды», - дейді ол.

Бүгін мен бұрынды салыстыра келе Парламент Мәжілісінің депутаты азаттықтың арқасында ғана еліміз әлемге танылғанын тілге тиек етті.

«Осы 25 жылда алаштанушылар саласы құрылды. Алаш тарихына байланысты мыңдаған мақалалар, зерттеулер жарық көрді. Бұл да Тәуелсіздіктің көрінісі. Тәуелсіздік, бостандық - асыл мұра, аманат. Өкінішке орай, біз әлі күнге мемлекеттік тәуелсіздік идеясының мазмұнына терең бойлай алмай жатырмыз. Бейқамдығымыз басым. Тәуелсіздік алдық, ендігәрі осылай тұра береді деген ой көп. Осы мәселелерді қозғап, Елбасы халықтың санасына қозғау түсірген сол мақаласының (Рухани жаңғыру - авт) негізгі мақсаты да осыны ескерту, әр қазақтың санасына жеткізу. Жас ұрпақ санасына елін, ұлтын, ана тілін, Отанын сүю сезімін тәрбиелеуді саяси насихат деп түсінеміз. Отаншылдық туралы әңгімені саясат деп қабылдаймыз», -дейді ол.

«Өз алдымызға мемлекет болып, өз тілімізге мемлекеттік тіл деп мәртебе беріп, қазақ мектептерін көбейтіп, ЖОО қазақ тіліндегі мәндерді тиімді етуге пәрмен беріп тұрған дәуірде үлкені бар, кішісі бар әлі күнге көп отандастарымыздың қазақ тілінде сөйлемей, сөйлегісі келмей жүргені ұлттық сананың төмендігі дер едім. Кейде тіл мәселесіне біреу кінәлі, билік пен үкімет кінәлі деп жатады. Бұған әрбір азаматтың өзі жауапты екенін түсінер жағдайға жете алғанымыз жоқ. Алаш идеясын зерттеуде алаштанушылар мен ғалымдар, бүкіл қоғам болып, ұлттық тіліміздің мәртебесін көтеруіміз керек», - дейді депутат.

Соңғы жаңалықтар