Қуаныш Орманов: Әртістердің журналистикада жүргенін құптамаймын

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Кезінде телевизия және радио хабарлар жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, ҚР Президенті мен Министрлер кабинеті аппаратының аға референті сияқты қызметтерді атқарған Қуаныш Орманов қоғамда болып жатқан өзгерістерге үнемі ой қосып отырады. ҚазАқпарат тілшісімен болған сұхбатта ол қазіргі журналистиканың жай-күйінен бастап, ұлттық рух, қазақы болмыс туралы әңгімеледі.

 - Қуаныш Төребекұлы, ғасыр алмасар тұста Қостанайдағы радио жақсы жұмыс істепті. Жергілікті радионы қазірге дейін сақтап қалатын адам бар болса, бірі сіз едіңіз. Неге жабылып қалды? Сөз әлқиссасын осыдан бастаңызшы.

- Рас, өңірде телеарнадан бұрын радио ашылды. Мен сол қызметтен кеткенше барлығын бір арнаға тоғыстырдым. Бағдарламалар уақытылы шығып тұрды. Кадр мәселесі жоқ еді. Кейінгі басшылар радионың маңызын оншалықты ұқпаған деп ойлаймынСондықтан радио құрыды, фонотеканың бәрі жоғалды. Ақыры жабылды. Кейін ашу туралы бастама көтердік, бәрін қаржыға тіреді. Үкімет қолға алмаса, бір адамның қолынан келмейтін іс. Жұрттың базынасын түсінемін. Мұнан соң облыстық телеарнаны жасақтау тапсырмасы түсті. Рас, біраз кедергілер кесе-көлденең шықты. Әуелі, жазған ұсынысымызды облыстың сол кездегі бірінші хатшысы қолдай қоймады. Құрал-сайманды сатып алуға қаржы тапшы деп сылтауратты. Сөйтіп жүргенде, Қарағанды телевизиясына жаңа құрылғылар келетін болды. Ал олар пайдаланғандарына небәрі бес жыл болған, бес камералық телекешенді есептен шығару туралы өтініш жазды. Ал біздің қазақ телевизиясында ол кезде бес жыл түгіл, отыз жыл пайдаланған кешендермен жұмыс істеп жүрдік. Бір жиында Қарағандының кешенін есептен шығармай, Қостанайға беру туралы ұсыныс айттым. Сөйтіп, 1991 жылдың басында Қостанай облыстық арнасы эфирге алғаш хабарын таратты.

- Қазақ радиосын тыңдап өстік. Әсіресе, Құсман Игісін ағамыздың дикциясына тәнті еді біздің үй. «Қағазсыз газеттің» құдіретін жеткізу үшін тек қана дауыс ырғағының дұрыс қойылуы маңызды емес шығар?

- Радиодағы ең бірінші талап - тіл білімі мен сауаттылық. Дауыс та, үн мен ым да адамның қандай көңіл-күйде екендігін бірден аңғарта алады. Менімен бірге оқыған қазақ радиосының арда тұлғалары Дүйсенбек пен Құсманда жоғарыда айтқан қасиеттер болды. Құсманның дикциясы өте әлеуетті еді. Кейін ол телеарнаға кетті. Радио тыңдармандарын көбейту үшін диктор дауысы айрықша рөл атқарады.  Бірсарындылық орысша айтқанда, «монотонный» дауыс тыңдаушысын сөз жоқ зеріктіреді, шаршатады. Ол бүгінгі радиода көп кездеседі. Расында да, адамның дауысы жүректі қозғайтын ой айта білумен қатар, қайғы-қасірет, ашу-ызаны сыртқа шығара алатын құрал сынды. Сол себепті Құсмандардың құлаққа жағымды қоңыр үндерін халық әрқашан сағына, сарыла күтіп отыратын.

- Қазіргі қазақ телевизиясы мен радиосындағы жетістік пен кемшілік қайсы?

- Жетістігі айтыла жатар. Асығы алшысынан түссе алты шақырымнан сүйінші сұрауға қымсынбайтындар жоқ емес арамызда. Кемшілігі - радио мен телевизия шұбалаңқы, түсініксіз тілде сөйлеп кетті. Менің бұлай деуім көбіне қатты тиіп кетер. Мынаны айтайын, қазақ радиосына тікелей эфирді әкелген мен едім. Білімді журналистерге ғана микрофон беретінмін. Журналистикада мынадай жазылмаған заң бар: студияға шақырған қонағыңды барынша білімді етіп көрсетуге міндеттісің. Өзің қанша біліп тұрсаң да, оны эфирде немесе баспасөзде жая беруге болмайды. Қазір бұл керісінше секілді. 

Тағы бір мәселе, әртістердің журналистикада жүргенін құптамаймын. Бұрын «әртісте ақыл бола ма?» деп күлуші едік. Сол сөздің жаны бар секілді. Әсіресе, олар тікелей эфирде тілді пәлен жерден сындырып жатқанда қарның ашады. Сараптамалық бағдарламаларда қалыптасқан сөз құралы өзгерді. Тікелей эфирде тұрып «базардың әңгімесіне» басатын тілшілер көбейді. Қатардағы тілші басшысының тапсырмасын орындауы бір бөлек, өзінің дәрежесін, қоғамдағы мәртебесін көтеру үшін іздену жолына түссін. Сонда ғана журналистің беделі артады.

- Қуаныш аға, сізді толғандырып жүрген түйткілдер көп секілді ғой...

- Көп мәселе көш жүргенде түзеле береді ғой. Қазір мына жағдай жанға батады: Торғай облысының Жанкелдин, Аманкелді аудандарының Үкіметке берген экономикалық серпіні аз болғанымен, халыққа рухани жағынан бергені көп-тін. Сол екі ауданның жұрты көшіп жүр қазір. Осыны ойланып көрдік пе? Қайда бара жатырмыз? Оң мен солыңды ажыратасың ба? Өзіңе өзің сұрақ қоясың да, отырасың. Осындай уақытта жасқа жол көрсетудің өзі өте қиын.

null 

- Торғайдың исі қазаққа бергенін тізіп берсеңіз, елдің басқа аймақтарын алалау емес болар. Торғай - мемлекет шаңырағына әлдеқашан шаншылған уық, қадір-қасиеті өзге өлке.  Осы тұста айта кеткен жөн, бүгінгі тұрмыста көпке кесірін тигізіп жүрген руға, жүзге бөлінуден аттап кете алмаймыз. Ел сұрасу бір бөлек, алайда, жөні арқылы жұмыс тауып жатқандарға не дейсіз?

- Дәл Қостанайда руға бөліну деген соңғы жылдары белең алып кетті. Бастапқыда оған мән бермейтінбіз. Қазір тіптен басқа. Бұлай бөлінген жақсы іс емес. Расын айтсақ, Қостанайдағы орыстанған санжылғы ұрпаққа атажұртты тану, өнер-ғылым Торғайдан енді. Торғайда ғалым болмаған дегендермен талай «шатысқанмын». Соғыстан кейінгі жылдары көптеген қостанайлықтардың оқуға түсіп, ғылым жолында жетістікке жетуі Торғайдан шыққан азаматтардың ықпалы арқылы жүзеге асты. Оны бірі білсе, екіншісі білмегенсиді. Асқар Закарин деген ағамыз өткен. Қызбелден шыққан кең құлашты қайраткер. Асқар Закариннің тікелей қатысуымен жасалған еліміздің білім беру жүйесі өзінің өміршеңдігін, жаңашылдығын және даму қабілеттілігін дәлелдеді. Бұл - ел тарихында алтын әріптермен басылған істерінің тек шамалысы. Қаншама талантты жастарды өрге шығарды. Шет жағасын өзім көрдім. Сол кездерде оқуға түспеген Торғайдың баласы болған жоқ. Тіпті, Кенжеғали Сағадиевті құжатсыз оқуға түсіріп жіберген де сол кісі ғой. Закариннің кісі танитындығының жарқын мысалы. Менің бір таң қалатыным - енді сол кісілер Закаринді еске алғысы келмейді. Мынаны қараңыз. Асқар Закарин оқытқан кісілердің атында мектеп, көшелер бар. Мысалы, Петропавлдың университеті Манаш Қозыбаевтың есімімен аталады. Ал Манашқа тәлім берген Закарин қайда қалады? Атақты Асанбаев пен Сұлтанғазинды оқытқан да сол. Қазақтың ғылымына үлес қосқан бір адам болса, ойланбастан Асқар Закаринді айтар едім.

- Анау айтарлықтай себептері бар шығар. Әйтпесе, кей кісілердің түсіне де кірмейтін кәделі қызметтерді атқарған адамды ұмытуға болмас. Келісесіз бе?

- Қазақтың жауы - «мен». Осы ішкі «меніміз» құртады бізді. «Менің атым шығуы керек», «мен істедім» деген әсіре мақтанушылыққа қалай тосқауыл боласың? Аты дардай кісілерге тірі кезінде көшенің аты беріліп жатса, кісі жағалаушылыққа жол ашық болса, қазақтың дамуы туралы сөз қозғау орынсыз.

- Әңгіменің тетігі адамдыққа қарай бұрылып бара жатқандай. Жалпы, кісі бойындағы қай қасиеттерді ұнатасыз?

- Адамды мінезіне қарай танисың, сол арқылы алыс-беріс ұйымдастырасың. Себебі, адам - мінезімен адам. Кісіні қапысыз тану үшін оның сеніміне бойлау керек. Қарапайым мысал, мына сенің өзің маған сенбесең, келмес едің. Бұл туралы дінімізде нақты, дәлелмен айтылған. Басыңа түскен әңгір таяқтан қорғанатын басты қалқан - мінез бен сенімің. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейді Абай. Міне, күллі қазақтың, тіпті, адамзаттың алдына уәж тасталды. Көнтерілі, биязы болу деген бар, керек жерде көгентіп бере алатын мінез болуы тиіс. Осыны ажыратып алайық.

- Ұғынықты түсіндірдіңіз, аға! Қит етсе, жастар бұзылды дейміз. Дегенмен, үлкен ұялмаса, кіші қайтіп қымсынады. Жасы қателесіп жатса, басы қарап тұратын жағдайларды көріп жүрміз. Бұрыстың дұрысын білмей жүрген балдырғандарға «бұрынғының шалдары» былай деген деп әңгіме соғамыз. Сол шалдар қандай еді? Қайда қазір?

- Біздің кездің ақсақалдары дейтін болсақ, олар бағыт-бағдар нұсқау, баланың көзін ашу, көкірегіндегі ұлттық сананы ояту сипатындағы дүниелерді жасап кетті. Бүгіндері салиқалы отырыстардың өзі қалып барады. Қоғамдағы өзгерістерге ой қосу тұрмақ, күнделікті тұрмыстағы ұсақ-түйектерді, асхананың әдебін айтудан аспайтын шалдар бар. Аталарымыз бір нәрсені қайталамау керек десе, саналы түрде оған қайтып бармайтынбыз. Сен сұрап отқан ақсақалдар кітап, газет оқыған, діни білімі бар кісілер еді. Қазір ондайлар бар ма? Мен бұл сұраққа да ойланамын. Бұйырса, «Ыбырай орталығын» ашамыз. Оның мақсаты - Қостанайдағы қазақ мәдениетін қалыптастыру. Келін мен ене, ата мен бала арасындағы байланыс, рухани құндылықтар, салт-дәстүрлерді жаңғырту - орталықтың алғышарты.

- Күңгірт тартқан күндер қазақтың басынан талай өткен дедік. Көп жылдар түрлі қызметтерді атқардыңыз. Заман ауысты. Тұрмыс өзгерді. Ал қазақ қайткенде қазақ болып қалады?

- Ең әуелі, адамдықтан аттамау қажет. Екіншіден, ұлтыңа пайдаң тисін. Бізге не жетпейді? Қазір өзің қатарлы кісілермен жиі пікір алмасып тұрғың келеді. Қоғамдағы өзгерістерге ой қосатын адам азайды. Үшіншіден, қазаққа тән емес қасиеттерден ада болайық. Өзіңе де, өзгеге де талапшыл болсаң, көздегеніңе жетесің.

Қазақ қызық халық. Бір адам «жылтырап» шықса, сол жаққа құлай салады. Бәлен уақыттан кейін қателескенін түсінеді. Кейде бүгінгінің қазағын құмға теңеймін, су қалай ақса, солай қарай ағады. Бұрынғы қазақ шомбал тас, түйе тас-тын, қанша ағыс өтсе де жата беретін. Бір жаққа ығыспас бұрын ойланатын, ауылымен ақылдасатын. Қазақ қайткен күнде өзінің ділін, дінін, ғұрпын сақтап қалуға міндетті. Ал бір-бірімізге бағына алмасақ, сөз тыңдамай, «менді» көрсете берсек, мұның бәрі жақсылыққа апармайды.

- Тұщымды әңгімеңізге рахмет!

 

Соңғы жаңалықтар