Қуандық Шамахай: Қоғамның барлық саласына Алаш идеясын барынша сіңіру керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, белгілі журналист Қуандық Шамахай Астанада Алаш тақырыбына арналып өткен конференция алдында алашордашылардың мұрасын ұрпақ жадына сіңіру мәселесі туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Алаш мұралары қазіргі таңда мүлде зерттелмей жатқан жоқ. Зерттеу бар. Бұл жерде Алаш туралы көптеген еңбектер жарыққа шығып, ірі конференциялар өткізіліп жатқанымен ғылым бір жақта, шынайы өмір бір жақта жатыр. Бір-бірімен қабыспай тұр. Өйткені, Алаш көсемдерінің айтқан дүниелері, өсиеттері мен мұралары өте өміршең. Бүгінгі заманда да олардың еңбектері өзінің маңызын жоймайды. Өкінішке қарай, сол толағай еңбекті шынайы өмірде қолдану мәселесі ақсап тұр. Өйткені ғалымдар өз ортасында айтады, жазады, бірақ сонымен мәселе жылы жабылып жатқан жағдай бар», - дейді Қуандық Шамахай.

Оның айтуынша, Алаш идеясын ғылыми айналымның аясында ғана емес, өмірге сіңіру, яғни жастарға Алаш зиялыларының ұлттық-демократиялық бағыттағы құндылықтарын жастардың бойына сіңіру мәселесі әлі де болса жетпей жатыр.

«Алаш көсемдерінің барлығы да Батыстың демократиясы дамыған, өркениетті, озық құндылықтарын қазақтың топырағына сіңіруді көздеді. Жалпы, мемлекеттік деңгейдегі саясатта да, журналистика саласы бола ма - қоғамдағы ғылымның қай саласында болсын, Алаш көсемдерінің қағидаларын негізге алар болсақ, онда біздің дамуымыз, реформа жасауымыз, жаңаруымыз, рухани немесе саяси жағынан болсын барлығы басқаша болар еді. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін кеңестік инерциядан шыға алмай отырмыз. Әлі де болса, Алаш көсемдеріне күдікпен қараушылар бар», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар