Қуандық Бішімбаев кездесудің өтпей қалғаны үшін сарапшылардан кешірім сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «BRB Invest» ЖШС директоры Ғалым Құсайынов Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаевты Астанада кездесу өткізбегені үшін сынға алды. Бұл туралы сарапшы Facebook-тағы өзінің парақшасында жазды.

«Шамамен бір апта бұрын Ұлттық экономика министрін баспасөз хатшысы арқылы кездесуге шақырдық, бастама бізден емес, министрліктен болған. Шағын ортада Стратегия-2025 талқылау үшін экономика бойынша тәуелсіз сарапшыларды шақырдық. Осымен үш рет шақырдық (екі рет кездесуге бір күн қалғанда кейінге қалдырды), осы кездесуге қатысты екі рет қайта сұрадым. 100 пайыз өтетініне кепілдік берді. Бұдан басқа, таңертең ұшақпен келген-келмегенімді сұрады. Мен жеткенімді айттым. Кездесуге бір күн қалғанда 2025 стратегиясының жобасын жіберді. Белгіленген уақытта келіп, министрлікте күттік. Бірақ бәрі ойдағыдай болмады. Уақыт өте берді, біз күтіп отыра бердік. Сосын баспасөз хатшысы шығып, кешірім сұрап, министр бос емес, бүгін қабылдай алмайды деді. Мен тәкаппар емеспін, әрине, бірақ іскерлік этикет деген, адами сыйластық дегендер бар. Тіпті этикет, сыйластықты айтпай-ақ қояйық, егер тәуелсіз сарапшылар шынымен қажет болса, оларды қабылдап, тым болағанда 5 минут уақыт бөлер еді. Тіпті танысып, жағдайды түсіндірсе де, қиын болмас еді деп ойлаймын...», - деп жазды Құсайынов.
Автор министрлердің жұмыс кестесі қалай құрылады, уақытын белгілеп, кездесуді кейінге қалдыратындай министрді кім бөгеді деп сұрады.
«Әлде, министр уақытқа бағынбай ма?! Сұрақ көп, жауап жоқ. Мысалы, егер мен кездесу тағайындасам, мені сол уақытта басшы шақыртса, мен оған кездесуім бар екенін айтамын, ол менің жұмыс істеп отырғаныма түсінікпен қарайды, сондықтан кейінге қалдырады. ПМ-мен кездескенде ол маған ашық-жарқын адам болып көрінген. Басқа қаладан сарапшылар келіп, кездесуде отырмын десе, ол министрді өзіне келуге мәжбүрлемес еді деп ойлаймын. Бұдан бір-ақ қорытынды шығаруға болады. Біз аса маңызды емеспіз, тек түртіп қою үшін ғана керек сияқтымыз. Сондықтан бұлай өзімізді керексіз сезінер болсақ, енді кездесуге баратын себеп жоқ деп ойлаймын», - деп сөзін түйіндеді ол.
Ғалым Құсайыновты министрлікте күтіп отырған фото жариялаған, Рахым Ошақбаев қолдады. Ол «Шынымен де, өз қалталарынан қаражат төлеп, министрмен кездесуге келген алматылық сарапшылар алдында ұят болды», - деген пікір білдірді.

«Достар, ФБ болғаны қандай жақсы, сарапшылар Rakhim Oshakbayev, Ғалым Құсайынов (Galim Khussainov) Жарас Ахметов,Darmen Sadvakasov, Марат Төлебаевпен (Marat Tolibayev) өтпеген кездесудің «арқасында» бір сағатта танымалдығымыз артатын болды). Мемлекеттік қызметтен хабары барлар, өкінішке орай, бізге қатысты емес мән-жайларға байланысты осындай жағдайлардың орын алатынын жақсы біледі, министрлікте қабаттасып, бір уақытта екі кездесу өтті. Ол да аса маңызды жұмыстарға қатысты сарапшылармен кездесу еді. Біздің кездесу үшін уақыт бөлгендердің барлығынан жоспарланған уақытта өтпегені үшін кешірім сұраймын. Құжат қабылданғанша әлі де уақыт бар. Барлығына қолайлы уақытта құжатты талқылау үшін алдағы уақытта міндетті түрде кездесеміз». - деп жазды Қуандық Бішімбаев.

Соңғы жаңалықтар