Куәгер сотта С. Матаевтың туыстарына қомақты қаражат аударғанын растады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша сот отырысы одан әрі жалғасуда.

Сотқа шақырылған куәгерлер «Салық төлеуден жалтарды» деген екінші эпизод бойынша сотқа түсінік беруде.

«Мен «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінде ешқашан жұмыс істеген жоқпын. Сол себептен еңбек шартым да жоқ. Бірақ жалақымның не себептен «ҚазТАГ»-тан емес, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінен түсіп отырғанын білмедім»,-делінген С. Матаевтың келіні, «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС-де жазылым бойынша менеджер болып жұмыс істеген Айда Матаеваның сотқа берген жауабында. Бүгінгі сот отырысына куәгер қатыса алмағандықтан, оның жауабын судья Ақболат Құрмантаев жария етті.

«2009 жылдан бастап Сейітқазы Матаевтың ұсынысымен «ҚазТАГ» ХАА ЖШС-де жазылым бойынша менеджер болып жұмыс істедім. Ай сайын 150 мың теңге жалақы алдым. Бірақ «Қазақстанның Халық банкі» АҚ-нан ашқан карталық шотыма жалақым «ҚазТАГ»тан емес, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінен түсіп отырды. Неліктен бұлай болғанын білмеймін. Өйткені, «Ұлттық баспасөз клубында» ешқашан жұмыс істеген жоқпын. Мүшелікке өтпегендіктен ешқашан мүшелік жарна төлеген емеспін. Алайда іс жүзінде қоғамдық бірлестіктің иесі С. Матаев екенін білдім», -делінген куәгердің сотқа берген түсінігінде.

Банктен алынған құжатқа сәйкес, Аида Матаеваның карталық шотына 2011 жылы 1 млн 903 мың теңге, 2012 жылы 1 млн 217 теңге аударылған. Ол бұл ақшаны дүкендерден киім сатып алуға және басқа да жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Мысалы, бір жолы дүкенге 446 мың 426 теңге, ендігі бір жолы 111 мың 260 теңге жұмсағанын растады. Еске сала кетсек, алдыңғы сот отырысында аудиторлық тексерістің нәтижесінде Сейітқазы Матаевтың «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің есебінен 269 млн. астам теңге бөліп, өзінің туыстары мен қызметкерлерінің дүкендер мен мейрамханалардағы шығындарына демеушілік жасағаны айтылды.

 Аудитор Евгений Юнусов бизнес-аудиттік тексерістің нәтижесінде 2005 жылдың 1-інші қаңтарынан 2016 жылдың 25-інші ақпанына дейінгі аралықта банктен жалпы сомасы 606 млн. 809 мың 785 теңге алынғанын, соның ішінде Сейітқазы Матаевтың түбіртек кітапшасынан 474 млн 369 мың 155 теңге алынғанын айтқан болатын. Ал кешегі отырыста сотқа түсінік берген «Сбербанк» АҚ-ның Алматы қаласындағы менеджерлері «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің шотынан ақшаны жалғыз Сейітқазы Матаевтың алып келгенін растады.

Атап айтарлығы, банктен алынған ірі көлемдегі қаражаттың қолма-қол ақшаға айналдырылғанын Астанадағы сот сараптамасы орталық институтының сарапшысы Бауыржан Рысқалиев те растады. Оның есебіне сәйкес, 2010-2015 жылдары Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті мен «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС-гі мемлекеттік саясатты ақпараттық жарықтандыруға жалпы сомасы 169 млн. теңгеге шарт жасайды. Сараптаманың нәтижесінде белгілі болғандай, 2010-2015 жылдары Сейітқазы Матаев 474 млн 369 мың 155 теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған. Соның ішіндегі 55 млн. теңгесі мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында аударылған қаражат екені анықталды. 

Соңғы жаңалықтар