Куәгер Мәдина Шілікбаева: «Ұлттық баспасөз клубы» қызметінің құнын әдейі көтерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігі өзінің қызметінің құнын көтеріп жіберді,- деп хабарлады «Матаевтар ісі» бойынша сот отырысында онлайн-көрсетілім бойынша сотқа түсінік берген куәгер - «Қазақтелеком» АҚ-ның бұқарамен байланыс жөніндегі басқармасының менеджері Мәдина Шілікбаева.

Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы мемлекеттік сатып алу шарты жасалмай тұрып, «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметі туралы ақпараттық-жарнамалық материалдарды жариялауға келісімін берген. Куәгер «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің қызмет көрсету құнын әдейі көтеріп жібергенін ашық айтты.

«2013 жылы мен «Қазақтелеком» АҚ-ның жарнамалық материалдары «Время» газетінде жарияланғанына көз жеткізу үшін, аталған газеттің қызметкерлерімен телефон арқылы хабарластым. Мен оларға өтініш жасап, «Қазақтелеком» туралы матеиалдардың барлығын өзімнің электрондық поштама жіберулерін сұрадым. Олар менің электрондық поштама таблица жіберді. Осы таблицада газеттің нөмірі, жарияланған материалдардың көлемі, жарнамалық-ақпараттық материалдардың бір шаршы метрінің құны жөнінде мәліметтер болды. Менің байқағаным, таблицадағы баға мемлекеттік сатып алу шартының қосымшасындағы бағадан кем болды»,- деп әңгімеледі куәгер М. Шілікбаева.

Ол сотқа берген жауабында бірқатар жайттардың басын ашты. Мәселен, Мәдина Шілікбаева әртүрлі басылымдарға телефон арқылы хабарласып, оларға жарнамалық-ақпараттық материалдарды жариялауға өтініш жасайды. Менеджер мемлекеттік сатып алу тендерінің әлі өткізілмегенін, яғни ол өткеннен кейін, тендерді ұтып алған тұлғаның барлық қызметтердің ақысын төлейтінін айтады. Атап айтарлығы, бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы осы талапқа бірден келісімін берген.  Нәтижесінде «Қазақтелеком» туралы материалдар жарыққа шығады.

Мәдина Шілікбаеваның сот отырысындағы түсінігін өзінің әріптесі, «Қазақтелеком» АҚ-ның бұқарамен байланыс жөніндегі басқармасының тағы бір менеджері Зәуре Қазыбаева да растады.  Ол «Ұлттық баспасөз клубы» белгілеген баға баспа БАҚ-тардың прайс-парағындағы бағамен салыстырғанда жоғары екенін көріп, бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ-ның бұқарамен байланыс жөніндегі басқармасының жетекшісі Юлия Исакованы хабардар етеді. «Мен шарттың жобасын дайындау кезінде «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігі ұсынған бағаны көрсеттім. Сонымен қатар, Ұлттық баспасөз клубы белгілеген баға баспа БАҚ-тардың прайс-парағындағы бағамен салыстырғанда жоғары екенін Ю. Исаковаға айттым»,-деді Зәуре Қазыбаева.

Айта кетелік, бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде түсінік берген «Қазақтелеком» АҚ-ның стратегиялық басқару жөніндегі бас директоры Батыр Маханбетажиев мемлекеттік сатып алу ережелері бойынша қосалқы мердігерлікке беруді ықшамдау қажеттігін алдын ала білсе де, Сейітқазы Матаевтың ұсынысымен келіскенін хабарлады. Сөйтіп ол өз қызметкерлеріне тендерлік құжаттарды белгіленген тәртіпке сәйкес дайындауға С. Матаевқа қол ұшын созуға тапсырма береді. Тергеу барысында анықталғандай, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Сейітқазы Матаев басылымдарға жарнамалық материалдар шығару бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын көтеріп жібірген. Сөйтіп көтерілген бағаның айырмасынан түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзінің жеке қажеттіліктеріне жаратқан.

Тергеудің нұсқасы бойынша, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Сейітқазы Матаев 2011-2013 жылдар аралығында қызмет түрлерінің құнын көтеру жолымен «Қазақтелеком» АҚ-на жарнамалық-ақпараттық материалдарды орналастыруға бөлінген 398 млн. теңгенің 143 млн-ын ұрлаған.

 

Соңғы жаңалықтар