Крис Фрум Астана мен ЭКСПО-дан алған әсерімен бөлісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат- «тур ЭКСПО-2017» критериумының қатысушысы, «Тур де Франс» велокөпкүндігінің 4 дүркін жеңімпазы, британдық Team Sky командасының шабандозы Кристофер Фрум «Astana Expo International Criterium» баспасөз қызметіне бергенсұхбатында жарыстан және Қазақстаннан алған әсері жайлы әңгімелеп берді.

«Маған Астанадағы жарыс қатты ұнады және көрермендердің де көңілінен шыққанына сенімдімін, - дейді Крис Фрум. Критериум - қарқынды әрі жанкүйерді баулап алатын жарыс түрі, бірақ менің «сүйікті» салам емес. Маған жаңа адамдармен жарысқа түсу қашанда қызық. Тартысты жарыс болды, барлық қатысушылар жеңіске деген жігер танытты. Менің ойымша, Эд (Клэнси, JLT Condor) топ жаруға лайықты болды. Ол - өте тәжірибелі спортшы, әрине мен де жеңгім келген.

- Крис, сіздің Қазақстанға келуіңіз велоспорт жанкүйерлерін қатты қуантты, ал сізге Астана ұнады ма?

- Иә, мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын, Астанада ЭКСПО-да болдым. Бұрын да Қазақстан туралы естіп тұратынмын, біздің спорт өкілдері арасында Қазақстанды білмейтіндер аз шығар. Бірақ осында келіп көргендер көп емес деп ойлаймын. Критериум мен маманданған сала болмаса да, маған  жарысқа қатысу туралы ұсыныс түскенде, бірден келістім. Мен үшін жаңа нәрселерді көріп, танысу өте қызық, Астана мен ЭКСПО-дан жаңа әсер алдым. Маған және әріптестеріме Астана қаласы да, ЭКСПО көрмесі де, критериумды ұйымдастырылуы да қатты ұнады, бәрі жоғары деңгейде өтті.

- Қазақстандық велошабандоздардың әлеуетіне қандай баға берер едіңіз...

- Әрине, әлеуеті бар деп ойлаймын. Қазақстан велоспортты дамытып, әлемдік басты бәсекелерде жүлделі орындардан түспей жүрген кәсіпқой командасы бар ел екенін бәріміз көріп жүрміз. Астанада осындай жарыстардың болғаны жастардың бұл спортқа деген қызығушылығын арттырады. Мұның бәрі дұрыс жасалып отыр. Ең бастысы, осындай жарыстарды үнемі өткізіп отыру керек.

- Алда Вуельта, Астанадағы критериум Испанияда өтетін гранд-турға дайындықтың бір кезеңі деп айта аласыз ба?

- Шынымды айтсам, олай деп айта алмаймын. Менің Вуельтаға дайындығым Тур де Франстан кейін  аз уақыт тыныққан соң-ақ басталып кеткен. Менде екі апталық жаттығу да болған, енді Испаниядағы жарыс жақындағанда қосымша дайындаламын.  

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында «Қазақстанның спорт технологиялар» компаниясының ұйымдастыруымен критериум веложарысы өткен болатын. Жарыста британдық велошабандоз, Олимпиада чемпионы Эдвард Клэнси топ жарды. Ал оның даңқты жерлесі, Team Sky велокомандасының мүшесі Крис Фрум жарыстың орта кезеңінде көш бастап келе жатқанымен, мәреге 27- болып келді.

Соңғы жаңалықтар