Криптовалюта нарығы ипотека сияқты ушығып кетуі әбден мүмкін - депутаттар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасы таныстырылды. Алайда криптовалюта жайында ештеңе айтылмады. Осыған байланысты депутаттар криптовалюта нарығын тездетіп бақылауға алуды талап етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат Глеб Щегельский бұған дейін криптовалюта нарығын бақылауға қатысты екі рет депутаттық сауал жіберілгенін жеткізді. Себебі алданған азаматтар үлескерлер сияқты мемлекеттен көмек сұрауы әбден мүмкін. «Сол кезде Ұлттық банк қайтадан ақша сұрайды. Депутаттар болса, xалықты аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болады. Бүгін Олег Александрович (Ұлттық банктің орынбасары - авт.) криптовалютаны кеңінен қарастыру қажет деп жатыр. Оны кеңінен қарастырып қайтеміз? Қазірдің өзінде Қаржы министрлігі көз алдыңызда криптовалютаға майнинг жасап жүр. Енді, оларды не үшін жауапкершілікке тартатынымызды білмейміз. Себебі нақты заңнама жоқ. Сіз болсаңыз, кеңінен қарастыру қажет дейсіз», - деді Г.Щегельский.

Депутат Гүлжан Қарағұсова да аталған мәселені тездетіп шешу керек екенін ескертті. Себебі криптовалюта мәселесі ушығып кетсе, үлескерлер проблемасынан кем болмайды. «Әлі есімізде, 2004 жылы мен министр болдым. Сол кезде біз бір топ депутаттармен бірге ипотека мәселесін көтерген едік. Үлескерлер мәселесі ушығуы мүмкін дедік, ипотека көпіршік сияқты жарылады деп ескерттік. Жоқ, Ұлттық банк бәрін бақылауда ұстап отыр, проценттік мөлшерлеме жақсы, қарыз жоқ деді. Алайда артынан үлескерлермен кім сөйлесті? Біз - депутаттар. Үкімет те, Ұлттық банк те араласқан жоқ. Қазірдің өзінде біз қабылдауды өткізгенде криптовалютаға қатысты арыздар түсіп жатыр. Осының өзі проблеманың ушығып бара жатқанын көрсетсе керек», - деп атап көрсетті Г.Қарағұсова. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар осы мәселеге қатысты өз ұсыныстарын енгізетін болды.

Айта кетейік, бүгін ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков депуттаттарға «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жоасын таныстырды. Оның айтуынша, алдағы уақытта алтын құймалар валюта айырбастау бекеттерінде сатылады. 

Соңғы жаңалықтар