«Крещенский мороз» емес, сарышұнақ аяз - Серік Негимов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде халық арасында солтүстіктегі үскірік қатты аяздарды христиандардың діни мерекесімен байланыстырып «Крещенский мороз» деп атайтындар аз емес. Дегенмен, қазақта ондай аяздардың мезгілі де, тіпті өз атаулары да бар.

Мәселен, профессор Серік Негимовтың айтуынша, біз әлі күнге дейін кейбір құбылыстарды орысшадан сіңген қалыпта атап келеміз. Ол - дұрыс емес.

«Біз кейде орысша айтамыз ғой бәрін. Орысша қабылдап, орысша сөйлеп, оған діни сипат беріп деген сияқты. Негізі, бұл өзімізге етене таныс аяз, қорқатын, үрейленетін ештеңе жоқ. Қазақ деген өзі өте сезімтал, нәзік, сондай бір реңктерді айыратын, сергек әрі елгезек халық қой. Табиғатпен етене болған соң құбылыстарды да терең біліп, зерттеп отырған. Мәселен, бізде ең қатты аязды үш түрге бөлген. Ол - сарышұнақ аяз, ақшұнақ аяз және қызылшұнақ аяз. Міне, осы жайында мен 1997 жылдан бері Ақмолада үлкен ақсақалдардан ылғи сұрайтынмын. Бәрі ұмытыңқырап қалған ба, естен шығарып алған ба, үш аяздың ішіндегі ең күштісі, мықтысы қайсысы дегенде бәрі де шамалас дейді. Сондықтан бүгінгі аязға үшеуі де келетін сияқты», - деді С.Негимов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Ғалым ондай аяздардың бұрын да болғанын еске алды. Себебі өзі де суық жерде туып өсті.

«Мен 1953 жылдан бері есімді білемін. Сол кезде мектебіміз төрт шақырым шалғай жерде болды. Соған боранды күні болсын, аязды күні болсын, жауялап-жалпылап барып келетінбіз. Ол заманда қыс деген алты айға созылатын. Сонда -40 градус, -42 градус кәдімгідей аяз болатын. Біз оны сезбейміз де», - деп атап көрсетті С.Негимов.

Айта кетейік, қатты аязға байланысты Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 26 қаңтарға дейін ескерту жарияланады. Алдағы үш күнде аяз күшейе түсіп, орталық, оңтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарға жетеді. Солтүстік, орталық және шығыс облыстарда түнгі ауа температурасы минус 40-45 градусқа дейін төмендейді. Оңтүстік және оңтүстік-шығыста кей жерлерде 28-33 градус аяз, яғни климаттық нормадан 10-18 градусқа суық болады.

Соңғы жаңалықтар