«Краудсорсинг» жобасының негізгі мақсаты түсіндірілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергiлiктi атқарушы органдар мен қоғам арасындағы коммуникациялық кедергiлердi жоюға негізделген «Краудсорсинг» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл туралы бүгін «Қазақстан - 2050» қозғалысы» кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Мұхтар Манкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысының алдында Манкеев «Қазақстан-2050» жалпұлттық қозғалысы тарапынан бiрнеше жоба жүзеге асырылып жатқанына жеткізді. 

«Өздеріңіз көріп отырғандай, латын әлiпбиіне көшудi қолдау үшiн үлкен бiр көрменi бастадық. Көрме «Қазақ кiтаптары» деп аталады. Ол 1929-1940 жылдары шығарылған кiтаптарды қамтиды. Бiз ауқымды зерттеу жасап, 1500 кiтапты таптық. Қазiргi таңда 2 көрмеде олар көрсетiлген. Жылдың соңына дейiн бұл ашық көрме жалғасады», - дедi ол.

Сонымен қатар М. Манкеев «Рухани жаңғыру» жобалар тiзiлiмi аясында «Краудсорсинг» үлкен жобасы кiргенін атап өтті. Ол азаматтық бастамалар картасы саласында жүзеге асып жатыр. Бiрiншi пилоттық жоба Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласында жүзеге асуда. Оның басты мақсаты - жергiлiктi атқарушы органдар мен қоғам арасындағы коммуникациялық кедергiлердi жою немесе азайту.

«Қазiргi таңда жақсы бастамалар түсуде. Өңiрлердi дамытуға арналған бағдарламалар шығып жатыр. Бiрақ бiз қоғамның пікірін білген кезде, халықтың 70-80 пайызы олардың қандай жоба екенiн және қандай нәтижелерге әкелетiнiн бiлмейдi екен. Сондықтан бiз веб-портал арқылы жобалар немесе бағдарламалар бастамасы басталған кезде атқарушы органдар сол жерге жариялап, қоғаммен талқыласа деген идеямен шықтық. Ол қолдауға ие болды және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын болады, - дедi ұлттық комиссия мүшесі.

Бұл ретте ол рухани жаңғыру туралы қоғамдық пікірдің аса маңызды екенін, бағдарлама iшiндегі көп жақсы бастамаларды халық бiлуi керектігін қадап айтты.

Еске сала кетейік, Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы-Ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбеков рухани жаңғыру аясында осы күнге дейін іске асырылған жұмыстар жөнінде де мәлімдеді.

 

Соңғы жаңалықтар