ҚР СІМ сириялық қарулы оппозицияның Астанадағы кездесуге қатысатынын растады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сирия мәселесі бойынша Астанада өтетін келіссөздерге сириялық қарулы оппозицияның қатысатынын растады.

«Сирия мәселесі бойынша Астанада өтетін халықаралық кездесудің барлық қатысушылары, оның ішінде Мохаммед Аллуш бастаған сириялық қарулы оппозиция өкілдері кездесуге қатысатындарын растады», - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов ҚазАқпарат сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, әзірге Астанаға БҰҰ сарапшылары мен кепіл мемлекеттерден делегациялар келіп жатыр.

БҰҰ бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура да келіссөздерге қатысатынын растады. Ол бүгін кешке Астанаға келеді.

«Бүгін кепіл мемлекеттерден келген сарапшылар арасында техникалық кездесу өтеді, жоғары деңгейдегі келіссөздер 3-4 мамыр күндеріне жоспарланған», - деп өз сөзін толықтырды Ә.Жайнақов.

Еске сала кетсек, 14-15 наурыз күндері өткен алдыңғы келіссөздерде жауынгерлік іс-қимылдарды тоқтату режиміне кепіл мемлекеттер - Ресей, Түркия, Иран делегациялары қатысты. Сондай-ақ, кездесуге АҚШ, Иордания, Сирия үкіметі және БҰҰ өкілдері келді.

Соңғы жаңалықтар