ҚР СІМ Корея түбегіндегі ахуалдың ұшығуына алаңдаушылық білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов солтүстіккореялық түйіткіл бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің министрліктер деңгейіндегі пікірталасына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу Нью-Йоркте 28 сәуір күні өтті. Оған Кеңеске мүше-елдер сыртқы саясат ведомстволарының басшылары қатысты: АҚШ - Рекс Тиллерсон, Жапония - Фумио Кишида, Сенегал - Манкер Ндиайе, Қытай - Ван И, Ұлыбритания - Борис Джонсон, Эфиопия - Воркнех Гебейху, Швеция министрінің орынбасары - Анника Содер  және Италия министрінің орынбасары - Бенедетто делла Ведова.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастап барды.

Пікірталасқа қатысушылар Солтүстік-Шығыс Азия өңірінде әскери эскалация қаупіне байланысты алаңдаушылықтарын және үрейлерін білдірді. КХДР үстіміздегі жүзжылдықта ядролық сынақтар өткізген әлемдегі жалғыз мемлекет екені атап өтілді.

Рекс Тиллерсон «АҚШ КХДР тарапынан қауіп-қатердің артуын қол қусырып қарап отыра бере алмайтынын» мәлімдеп, барлық мемлекеттерді «Солтүстік Кореяға экономикалық және дипломатиялық қысымдардың барлық мүмкін шараларын күшейтуге шақырды, соның ішінде экономикалық санкцияларды енгізу және Пхеньянмен дипломатиялық және сауда қарым-қатынастарды шектеу жолымен».

Мемлекеттік хатшы АҚШ түйіткілдің әскери шешімін де жоққа шығармайтынын атап өтті.  

Франция мен Ұлыбритания да КХДР-ға қатысты шектеу шараларын кеңейтуді қолдады. Қауіпсіздік Кеңесінің өзге қатысушылары - Ресей мен Қытай әлемдік қауымдастықты күштік опцияларды мүлдем қарастыруға болмайтындығын және ол Корея түбегі үшін де, тұтас Солтүстік-Шығыс Азия  өңірі үшін де орны толмас зардаптарға соқтыруы мүмкіндігін ескертті.

Қытай проблеманы шешудің үштректі формуласын ұсынды. Ол денуклеаризациялауға және бір мегзілде бейбіт процеске бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Ресей болса алтыжақты келіссөздерді жандандыру қажеттігін білдірді, сондай-ақ Қытайдың ұсынысын қолдады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі КХДР-дың зымыран сынақтарын өткізуіне байланысты Корея түбегіндегі ахуалдың ұшығуына үлкен алаңдаушылық білдірді. Қазақстан қалыптасқан қиын жағдайдың неғұрлым жылдам бейбіт шешілуі үшін алтыжақты келіссөздерді қайта жандандыруды немесе өзге де дипломатиялық және саяси шараларды қолдануды қолдады.

Еске салайық, 29 сәуір күні КХДР кезекті баллистикалық зымыранды сынақтан өткізд і.

 

Соңғы жаңалықтар