ҚР СІМ Каталониядағы ахуалға орай пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Каталонияда орын алған жайтқа байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Каталония автономды қауымдастығында орын алған жайтты тек қана Испанияның ішкі ісі деп біледі және оның одан ары дамуы тек Испанияның қолданыстағы заңнамасы аясында ғана өруі тиіс деп санайды.  Қазақстан Испаниямен өзінің қарым-қатынасында аталған елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына құрметпен қарау ұстанымынан таймайды», - деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов ҚазАқпарат тілшісіне.

Айта кетейік, 1 қазан, жексенбі күні Каталонияда автономиялық облыстың Испания құрамынан шығуына қатысты жалпыхалықтық дауыс беру өтті . Мадрид бұл референдумды заңсыз деп санайды. Құқыққорғау органдары плебисциттің өтуін тоқтатуға тырысып, сайлау учаскелерін жапты, жәшіктер мен бюллетеньдерді жаппай тәркіледі. Барселона мэрі Ада Колау Twitter-дегі парақшасында Каталонияда 460-қа жуық адам зардап шеккенін жазды. «Барселона мэрі ретінде полицияның қорғансыз халыққа қарсы іс-әрекеттерін тоқтатуды талап етемін», - деді ол.

Каталония үкіметінің ресми өкілі Жорди Турульдің мәлімдеуінше, жексенбі күні Испанияның Каталония аймағында өткен референдумда тұрғындардың 90% тәуелсіздікті қолдап, дауыс берген. Каталония үкіметінің ресми өкілі баспасөз мәслихатында тәуелсіздік алу туралы бастаманы сайлаушылардың 7,8% қолдамағанын, ал 2%-ының бюллетендері бос болып шықса, 0,89% бүлінгенін атап өтті.

Испания билігі осы референдумға қатысты ресми ұстанымын жариялап , дауыс берудің ешқандай заңды күші жоқтығын атап өтті. Себебі ол корольдіктің конституциясына қайшы келеді. 

Соңғы жаңалықтар