ҚР СІМ Ауғанстандағы террорлық шабуылды айыптады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Ауғанстанның Кабул қаласында болған террорлық шабуылға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Кабулдағы «Интерконтиненталь» қонақ үйінде бейбіт халықтың, сондай-ақ Ауғанстанға бейбіт мақсатпен келген шетел азаматтарының өліміне алып келген террористік әрекетті қатаң айыптайды. Аталған қатыгез және өрескел әрекет Ауғанстан үшін ғана емес, осы елдегі бейбітшілік пен дамуды қалпына келтіруге атсалысып жатқан барлық халықаралық қауымдастық үшін сын-қатер болып табылады», делінген хабарламада.

Қазақстан Ауғанстандағы терроризм мәселесін түбегейлі шешу үшін жедел шаралар қабылдау қажеттілігін толық жауапкершілікпен мәлімдеді. Сондай-ақ, Ауғанстандағы барлық саяси күштерді ұлттық татуласу бойынша келіссөздер жүргізуге шақырады.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде және ұлттық негізде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, терроризмді басуға және елді қалпына келтіруге жан-жақты жәрдем көрсетуді жалғастырады.

«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының қаңтарда қабылдаған мәлімдемесі халықаралық қауымдастықты осы елдегі саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ауғанстанға қолдау көрсетуге шақырады. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз, сондай-ақ жарақат алғандардың тез арада сауығып кетуін тілейміз», делінген мәлімдемеде.

Еске сала кетсек, 21 қаңтарда Ауғанстанда содырлардың қонақүйге шабуылы кезінде Қазақстан азаматы қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар