ҚР Президенті: Халықаралық қоғамдастық әскери технологияларға бақылауды күшейтуі тиіс

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Халықаралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуі тиіс. Бұл туралы бүгін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» тақырыбындағы отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жанталаса қаруланудың жаңа толқынының туындау қаупі бар. Осыған орай, халықаралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуге тиіс», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитаризациялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру барысында да керек болатындығын ескертті.

«Әлемдік ядролық державалар арасындағы өзара түсіністік пен өзара сенім жағдайында ғана көптеген қақтығыстың алдын алып, тиімді реттеуге болатыны бүгінгі күннің шындығына айналды. Ядролық апатты болдырмау үшін оларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелген. Әсіресе, ірі ядролық державалар ядросыз әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырып-жою қаруларын қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет. Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді», - деді Қазақстан Президенті.

Соңғы жаңалықтар