ҚР Президенті: Циндаода «Шанхай сегіздігі» болып кездесетінімізді ерекше атап өткім келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - CCTV телеарнасына сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ірі саяси ғана емес, экономикалық бірлестікке айналып келе жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымын өте белсенді түрде қолдайтынын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымы қазіргі таңда бүкіл әлем мойындайтын ең маңызды ұжымдық органдардың бірі. Ол ортақ шекарасы бар мемлекеттермен құрылған. Біз осы шекаралардың сипаты мәселесін шешкен болатынбыз. Естеріңізде болса, Кеңес Одағы мен Қытай кезінде кейбір ортақ шекаралар белгіленіп, жазылмаған болатын. Кейбір жерлер туралы келісім жоқ еді. Осы себепті, ол жерлерде мемлекеттер арасында да қақтығыстар туындаған. Сондықтан, ортақ шекарасы бар алты мемлекет болып, шекараны хаттап, қол қойып, бұл достық шекарасы екенін айттық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент шекаралар белгіленгеннен кейін «ары қарай не болады?» деген сұрақ көтерілгенін еске алды.

«Ары қарай осы кездесулерді өткізелік деп шештік те, осыдан Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылды», - дейді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде ұйымды құруда бастама танытқандардың бірі Қазақстан болғанын атап өтті.

«Сондықтан, мен қазіргі уақытта саяси ғана емес, экономикалық бірлестікке айналып келе жатқан ШЫҰ-ны өте белсенді түрде қолдаймын. Біз бірлесіп елдердің экономикасын дамытудамыз. Бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолына 65-ке жуық мемлекет атсалысып жатыр. Ол жаққа 600 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы бағытталуда. 100 миллиард АҚШ долларындай қаражаты бар Азия инфрақұрылымды дамыту банкі құрылды. Бұның бәрі де барлық мемлекеттердің қамы үшін жұмыс жүргізеді. Осы шаруалардың барлығы ШЫҰ аясында жүзеге асырылып жатыр», - дейді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, ең маңызды өлшем - «үш зұлымдықпен» (Терроризм, экстремизм, сепаратизм - авт.) күрес екенін айтты.

«Біздің арнайы қызметтер, құқық қорғау органдары бір-бірімен өте тығыз серіктесе жұмыс жүргізу үстінде. Бізде терроризммен күресуге бағытталған арнайы ұйым бар. Келесі сұрақ ол - есірткімен күрес. Мұның бәрі осыларға жол бермеу үшін жасалуда. Осы шаруалардың барлығында ШЫҰ-ның рөлі өте зор», - дейді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, алдағы уақытта ұйым жұмысының жоспарлары бекітілмек.

«Мен ендігі кезекте Циндаода «Шанхай сегіздігі» болып кездесетінімізді ерекше атап өткім келеді. Өйткені, Астанада біздің төрағалымызбен ұйымымызға Үндістан мен Пәкістанды қабылдау жүргізілген болатын. Енді бүгінгі күні 8 мемлекет ұйым жұмысына атсалысуда. Қытай Халық Республикасының төрағалығымен Си Цзинпин мырзамен дайындалудамыз. Қазақстан көмегін көрсетіп келеді. Бұған дейінгідей өте табысты кездесу болады. Біз ұйымның алдағы жаңа жоспарларын белгілейміз», - деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетсек, Қытайдың Циндао қаласында маусым айында Шанхай Ынтымақтастық ұйымы басшыларының саммиті өтеді.

Соңғы жаңалықтар