ҚР Президенті: Біз құлпынайды көршімізден емес Израильден тасып отырмыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия елдері арасындағы өзара сауда тауарларының номенклатурасын кеңейту қажет. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Орталық Азия елдері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең басты назарды сауда-экономикалық ынтымақтастыққа аудардық. Біздің өңір өте қарқынды дамып келеді және біз әлемде бар трендтерге қарай отырып, елдерді индустрияландыру, цифрландыру бойынша жұмыс істеуіміз  және технологиялық дамудан қалып қоймауымыз керек. БҰҰ мәліметінше, соңғы  10 жылда біздің елдеріміздің орташа ЖІӨ өсімі 6,2 пайыз болса, бүкіл әлем 2,6 пайыз қарқынмен дамыды. Бұл аталған мемлекеттер бірге орташа әлемдік көрсеткіштен екі еседен астам қарқынмен дамыды деген сөз. Тауар айналымының да күрт өсімі байқалады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, Орталық Азия елдерінің өзара тауар айналымы 10 жылдың ішінде 2 есе өсіп, 1,6 млрд доллардан 3,1 млрд долларға жетіп отыр. Бұл өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізуде.

«Біз келесі шараларды қарастырдық. Біріншіден, елдер арасындағы өзара сауда тауарларының номенклатурасын кеңейту қажет. Статистикаға қарасақ, мәселен, Қазақстан көршілерде бар тауарларды басқа жақтан тасып отыр. Ал олар, мәселен Тәжікстан ГЭС салуға қажетті металлды басқа жақтан алады. бізде, Қарағанды металлургия комбинатында сол арматура қанша керек болса, сонша шығара алады, ал олар Еуропадан тасуда», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті жеміс-жидек пен көкөністі көрші елдерден алуға болатынын атап өтті.

«Ал біз болсақ, құлпынайды Израильден тасып отырмыз. Бұл қарапайым мәселе емес, осы сауданың басында отырған шенеуніктерімізді өзгертуіміз қажет. Оларға өздеріне белгілі достарымен қасында тұрғанды алғаннан гөрі басқа жақтан әкелген тиімді болып отыр. Біз бұл жайында сөйлестік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Ақордада өткен кеңеске Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан Меджлис төрайымы А.Т.Нурбердыева ханым қатысты.

Соңғы жаңалықтар