ҚР Президенті: Бәріміз Мьянмада бейбітшілік пен тұрақтылық орнасын деп тілейміз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мьянмадағы жағдайға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Өкінішке қарай, ол да - әлемдегі қақтығыс болып жатқан нүктелерінің бірі. Мен бұл жағдайды жақсы білемін. Біз рохинджа тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге тырысамыз. Бұл мәселеге Түркияның араласып отырғанын білемін. Өкінішке қарай, жағдай қайта қайталанып жатыр. Қабылдамау, шыдамсыздықтың салдарынан өзге діни көзқарастары үшін өз халқы қуғынға ұшырады. Дәл осындай қуғынға түскен және кедей адамдардан террористерді дайындайды. Сондықтан, не айта аламын? Мен көптеген мемлекеттер Мьянмадағы мәселенің ішкі саяси жағдайда шешілуі үшін күш салып жатқанын білемін. Бұл бірақ мәселенің шешімі емес», - деді Мемлекет басшысы Астана клубында сұраққа жауап бере отырып.

Президент өз сөзінде кез келген соғыс немесе қақтығыс келіссөздер арқылы ғана шешілетінін атап өтті.

«Біз бәріміз Мьянмада бейбітшілік пен тұрақтылық орнасын, босқындар үйіне оралсын деп тілейміз. Бұл мәселе бойынша бәрімізге ортақ бәтуа (консенсус) керек. Бізде барлық жаһандық мәселелер шешімін табатын - БҰҰ бар. Біз аталған ұйымның абыройын қолдап, осыған ұқсас мәселелерді бірлесе шешуіміз керек», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 13 қарашасында Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана клубының үшінші отырысы өткен болатын. Astana club - 27 мемлекеттен 60 қатысушыны жинаған халықаралық пікір алмасуға арналған алаң. Ақорда отырыстың видеонұсқасын жариялады .

Соңғы жаңалықтар