ҚР Премьер-Министрі ШЫҰ бойынша серіктестермен бірнеше кездесу өткізді

None
None
СОЧИ. ҚазАқпарат - Сочиде өткен ШЫҰ үкімет басшыларының Кеңесінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ауғанстан мен Қытайдың үкімет басшыларымен, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - Азия мен Тынық мұхитының Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТЭӘК) атқарушы хатшысымен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ауғанстан Ислам Республикасының атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдулламен кездесу кезінде Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық, гуманитарлық, әскери-техникалық саладағы өзара қарым-қатынас пен Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті күшейту мәселелері талқыланды.

Қазақстан Премьер-Министрі өз сөзінде Қазақстан Республикасы тарапынан азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек көрсетілетінін атап өтті. Азық-түлік жуық арада жеткізіледі.

Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесу өткізді. Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік мәселелері бойынша кең ауқымдағы сұрақтар талқыланды. Әсіресе, өндірістік, және индустриялық салада серіктестікті нығайту жұмысына баса маңыз берілді. Бұл бағытта тараптар бірлескен қазақстандық-қытайлық индустриалды-инвестициялық бағдарламаның маңыздылығына ерекше тоқталды. Бүгінгі таңда жалпы құны 27 млрд доллар тұратын 51 инвестициялық жобаның тізімі жасалып отыр.

Екіжақты тауар айналымы биылғы жылы өсімнің оң динамикасын көрсеткен. Ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестіктің даму келешегін қарастыра отырып, тараптар Қазақстанның органикалық өнімдерді өндіруде әлеуеті мол екенін, сонымен қатар қажеттіліктің артқанын ескере отырып, ҚХР нарығына ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдаушы негізгі елдердің біріне айналуы мүмкін екенін атап өтті.

Осыған байланысты ҚХР-дың карантин мен инспекция, сапаны қадағалау бас басқармасы тарапынан қазақстандық ауыл шаруашылық өнімдерін Қытай нарығына енгізу жұмысын жеделдету қажеттілігіне қатысты мәселе көтерілді.

Еске сала кетсек, өткен жылдың мамыр айында Халықаралық эпизотикалық бюро Қазақстанды аусыл ауруынан таза аумақ ретінде таныған болатын. Мұндай мәртебе мал мен өсірілетін өнімдерді ДСҰ мен ЕО елдеріне тасымалдауға мүмкіндік береді.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - Азия мен Тынық мұхитының Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Шамшад Ахтармен кездесу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «ЭКСПО» базасында «Болашақ энергиясы» жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту бойынша халықаралық орталық құру жұмысының барысы талқыланды. АТЭӘК-пен серіктестік Қазақстан бастаған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын сәтті жүзеге асыруда маңызды олып табылады.

БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған Арнайы бағдарламасын (ОАЕАБ) орындау жұмысына да назар аударылды. Аталған жұмыс аясында Қазақстан арнайы бағдарламаға қосылатын елдердің төрағалық етушісі ретінде 2018 жылы ОАЕАБ экономикалық форумының отырысы мен Жетекшілік ететін кеңестің XIII сессиясын ұйымдастырады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне тойлау аясында Ауғанстан мен Қытай үкімет басшылары екіжақты кездесу барысында өз құттықтауларын білдірді.

Соңғы жаңалықтар