ҚР ОСК өңірдегі өкілдерін алдағы сайлауға даярлап жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясы алғаш рет «Қазақстан Республикасында сайлау процестерін ұйымдастыру ерекшеліктері бойынша ары қарай оқытуды жүзеге асыру үшін тренерлік корпусты даярлау» тақырыбында электораттық оқыту семинарын өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шараның мақсаты - республикалықтан бастап жергілікті деңгейге дейін сайлау комиссиялары кадрларының біліктілігін арттыру.

«Осы семинар екі күн бойы өтеді. Онда Орталық сайлау комиссиясының барлық мүшелері дәріс оқиды. Бұл тұрғыда ел өңірлерінен келген қатысушылар үшін сайлау құқығы бойынша түрлі тақырыптар қамтылады. Бүгінгі семинарға дейін бір ай бойы қашықтықтан оқыту шаралары жүргізілді»,- деп тоқталды ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің барлық өңірлерінен келген 150 адам тестілеуден өтіп, облыстарда электораттық оқытуды жүргізу құқығына ие тренерлер ретінде сертификатталады.

«Біз бұл білімді өңірлерде кеңінен тарату үшін тренерлік корпусты даярлап жатырмыз. Сондықтан әрбір өңірден 6-10 адамнан келді. Олар өздерінің облыстарына барғаннан кейін сайлау комиссияларының мүшелері мен ұйымдастырушылары үшін дәріс оқи алады. Сонымен қатар ОСК тұрақты түрде аталған тренерлерді әдістемелік тұрғыда сүйемелдеп отырады. Яғни, біз олармен жұмысты ары қарай да жалғастырамыз», - деді ОСК хатшысы.

Айта кетейік, Қазақстанның 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан келген барлық 150 тренерге ОСК төрағасы Берік Имашев Қазақстанда сайлау жүйесін дамыту жайында дәріс оқыды.

«Мемлекет басшысы бастама етіп көтерген әлеуметтік жаңғырту жағдайында біздің алдымызда тұрған жаңа мақсаттар мен міндеттер өңірлік сайлау комиссияларындағы әріптестеріміздің жоғары кәсіби даярлығын талап етеді. Сайлауды ұйымдастырушылар алдында тұрған негізгі міндет  - заңды бұлжытпай орындау», - деді Б. Имашев.

Семинар 3-5 қазан аралығында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында өтеді.

Соңғы жаңалықтар