ҚР Мемлекеттік хатшысы Анкарадағы Қазақстан мен Түркияның іскер әйелдері бизнес-форумына қатысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Түркияға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар аясында Мемлекеттік хатшы Түркия Премьер-Министрінің орынбасары Хакан Чавушоглуның шақыруымен Анкарадағы Қазақстан мен Түркияның іскер әйелдері бизнес-форумына қатысты.  

Оған сондай-ақ «Атамекен» ҰКП, Түркия сауда палатасы және тауар биржалары одағының, мемлекеттік органдардың, әйелдер кәсіпкерлік қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова алғысөзінде сөзінде ҚР Президенті Н.Назарбаев 25 жылдан астам уақыттан бері тиімді ынтымақтастық орнатып келе жатқан бауырлас мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынастың дамуына ерекше мән беретіндігін атап өтті.

Мемхатшы Мемлекет басшысының табысты навигацияға және Индустрия 4.0 - жаңа әлемге бейімделуге бағытталған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына назар аударды. Осы орайда кәсіпорындарды цифрландыруға бағытталған жаңа әдістер сынақтан өткізіледі. Бұл ретте әйелдердің кәсіпкерлік қоғамдастығына маңызды орын бөлінбек.

Г.Әбдіқалықова Қазақстанда әйелдердің мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде әйелдердің 10,1%-ы (43 адам) саяси мемлекеттік қызметші болып табылады. Парламентте 33 адам немесе депутаттардың жалпы санының 22%-ы - әйелдер. Барлық шағын және орта бизнестің 43%-ын әйелдер басқарады, олар 31% жұмыс орнын (964 мың адамды) қамтамасыз етіп отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі бойынша, «әйелдердің экономикалық даму саласына қатысуы және мүмкіндіктері» көрсеткіші жөнінен Қазақстан 30-шы орын алды.

Мемлекеттік хатшы биыл Қазақстан айрықша мерейтой - Астананың 20 жылдығын атап өтетіндігін атап өтті. Астана - Тәуелсіздіктің символы, Президент идеясының іске асуы және барша қазақстандықтардың еңбегінің жемісі. 

Форумда кәсіпкер әйелдердің инновациялық бизнес-жобаларының таныстырылымы болып, сындарлы түрде озық тәжірибе алмасылды, Қазақстан мен Түркияның әйелдер бизнес-қоғамдастығы арасындағы экономикалық және инвестициялық қарым-қатынасты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, форум аясында Г.Әбдіқалықова Түркия Парламентінің спикері Ислам Кахраманмен, Түркия Премьер-Министрінің орынбасары Хакан Чавушоглумен, Отбасы істері және әлеуметтік саясат жөніндегі министр Фатма Бетюль Сайын Каямен кездесті. 

Кездесулер барысында Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

 

 

Соңғы жаңалықтар