ҚР Мәжіліс депутаттары Афинада бірқатар кездесулер өткізді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарының 25 жылдығына орай 19-20 қазанда Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі - «Қазақстан - Грекия» парламентаралық достық тобының тең төрағасы Абай Тасболатов бастаған ҚР Парламенті Мәжілісі делегациясы Афинаға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Грекиядағы ҚР Елшілігіне сілтеме жасай отырып.

«Афинада депутаттар А.Тасболатов пен А.Қоңыров өз әріптестерімен екі елдің парламенттері мен халықаралық парламенттік құрылымдық салаларында (Парламенттік Ассаблея, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы және т.б.) өзара іс-әрекеттестік бойынша ауқымды мәселелерді талқыға салды», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, Грек Республикасы Парламенті Төрағасының орынбасары М.Георгиадис, Өндіріс пен сауда мәселелері бойынша комитетінің басшысы Х.Кафантари, Ұлттық қорғаныс пен сыртқы саясат мәселелері бойынша комитеті басшысының орынбасары Д.Эмманоуилидис, Парламенттің бұрынғы спикері В.Полидорас және «Грекия-Қазақстан» парламенттік достық тобының тең төрағасы Л.Григоракос секілді Грекия Парламентінің жоғары санатты өкілдерімен арада кездесу өткен.

Келіссөздер барысында тараптар ортақ мүдделерімізге сай сауда мен инвестиция, мәдениет пен ғылым, туризм секілді салаларда ынтымақтастықты өрбіту, парламентаралық үнқатысу мәселесін одан әрі нығайтуды көтерді.

Мәжіліс депутаттары тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктері, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» пен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы, ҚР Парламенті өкілеттіктерін кеңейту мен Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық шешімдері бойынша жауапкершілігінің арттыру бағытында жүргізіліп жатқан саяси реформалар жайлы ақпараттармен бөлісті.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары грекиялық әріптестеріне Елбасы жүргізіп отырған Қазақстанның сыртқы саясаты, дербес еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақсыз мүше ретінде атқарып жатқан жүмыстарын баяндап берді.

Грекия Парламентінің өкілдері қол жеткізілген «Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасында кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісіміне» жоғары баға беріп, жуық айлар ішінде аталған маңызды құжатты ратификациядан өткізуге әзірліктерін жеткізді.

Сұхбаттар барысында депутаттар екі мемлекет арасында «достық көпіріне» айналған, Қазақстанда ғұмыр кешетін  грекия диаспорасының маңыздылығын айрықша атады. Бұл орайда, грекиялықтар қоғам ішінде бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы мен  қызметінің тәжірибесімен танысуға қызығушылық танытты.

Қорытындысында грек тарапы қазақстандық әріптестерін екі ел арасында орнатылған дипломатиялық қарым-қатынастардың мерейтойымен құттықтай отыра, әріптестерінің парламентаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған іс-шараларға қатысу мақсатымен Астанаға шақыруларын ілтипатпен қабылдады.

Соңғы жаңалықтар