ҚР ІІМ жол инспекциясындағы парақорлықпен қалай күресіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңіспаев Ішкі істер министрлігі жол сақшыларының жұмысына байланысты жемқорлықпен қалай күресіп жатқанын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біріншіден, жол бойында полиция қызметкерлерінің саны едәуір азайды. Егер бұрын жолда ережелердің сақталуын 12 мың полиция қызметкері бақылауға алса, бүгінгі таңда жолда тек автопатрульдер ғана заңның бұзылмауын қадағалап жүр. Яғни, бұл - 3,5 мыңға жуық автопатруль қызметкері. Демек, жолдың бойында тәртіпті қадағалайтын инспекторлар саны бірнеше есеге азайды», - дейді Әлібек Кеңіспаев.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасарының айтуына қарағанда, видеорегистраторлардың жұмысын күшейту арқылы да айтарлықтай шара қолға алынған.

«Екіншіден, видеорегистраторлар бойынша. Қазіргі уақытта біз көліктің ішін де, сыртын да түсіре алатын видеорегистраторларды орнаттық. Егер көліктің ішінде (полиция қызметкерінің көлігінде - авт.) заң бұзылса, жүргізуші жақын арадағы кезекші бөлімге немесе сенім телефонына бірден хабар бере алады. Бұған қоса егер видеорегистратор дәл сол уақытта (жүргізушінің куәлігін полиция көлігінің ішінде тексеру барысында - авт.) жұмыс істемесе, аталған жағдай бойынша да тексеру жүргізіледі. Егер осы тексеру кезінде видеорегистратордың әдейі сөндірілгені анықталса, онда жол сақшысының өзіне қатысты тәртіптік жаза қолданылады», - дейді Әлібек Кеңіспаев.

 

Соңғы жаңалықтар