ҚР ІІМ Таразда қарулы қылмыскердің қолынан жараланған полиция сержантын шетелде емдетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таразда қарулы қылмыскерді ұстау барысында жараланған полиция сержанты шетелде мемлекет қаржысы есебінен емделіп, бүгін елге оралады.

Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев Фейсбуктегі өзінің парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылдың маусым айында қарулы қылмыскерді ұстау барысында Тараз қалалық ІІБ жол-патрульдеу полициясы батальонының полицейі, сержант Бекжан Тіленшиев ауыр жарақат алды. Оған бірнеше күрделі ота жасалды. Алайда, оқ жарақатының салдарын жойып, қозғалу қызметін қалпына келтіру мүмкін болмады. Осыған орай Ішкі істер министрлігі Үкіметте Тіленшиевті шетелде емдеу туралы бастама көтерді. Ол бір ай бойы Грекияда бюджет қаржысы есебінен ем алды. Бүгін, 1 наурызда батыр Отанына оралады. Оған мықты денсаулық және тезірек сауығып кетуін тілейміз!», - деп жазды Алмас Сәдубаев.

Еске салсақ, өткен жылдың 19 маусымында қаланың 6-шы шағынауданында учаскені торуылдау кезінде Тараздың ішкі істер басқармасының полиция сержанты Бекжан Тіленшиев көп қабатты үйдің кіреберісіне кіріп кеткен қарулы қылмыскердің ізіне түсіп, өзі оққа ұшқан болатын.

 

Соңғы жаңалықтар