ҚР ІІМ-ге көліктер нөміріне «әдемі» әріптерді де сату ұсынылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат -Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті көліктердің мемлекеттік нөмірлері үшін жоғары сұранысқа ие әріптерді сатуға шығаруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне «әдемі» әріптерді көлеңкелі сатудың фактілері жөнінде дөңгелек үстел отырысы барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Берік Ахметов айтып берді.

«Агенттік жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасап, ақылға қонбайтын заңдылықты анықтады - «әдемі» нөмірлер мен қайталанып келетін әріптер автокөлік иелеріне оның ықтималдылығына қарамастан, жиі беріліп отыр. Бағдарламалық қамтамасыз етудің техникалық регламентіне сәйкес, автокөлік иелеріне нөмірлер Random режімінде беріледі, яғни сырттан араласу мүмкіндігінсіз кездейсоқ тәртіппен. Тиісінше, классикалық ықтималдылық теориясы бойынша ерекше нөмірдің түсу мүмкіндігі бір мыңды құрайды», - деді Берік Ахметов.

Бірнеше жыл бұрын елде сұранысқа ие «әдемі» нөмірлер ресми түрде сатыла бастады. Бұл осы саладағы жемқорлықты жою үшін жасалған болатын.

«Алайда, әріптік таңбалар мүлдем бағаланбайды. Сарапшылардың әртүрлі бағалаулары бойынша, жоғары сұранысқа ие әріп таңбалары бар нөмірлердің көлеңкелі бизнесі 5 млрд- теңгеден астамды құрайды», - дейді Б.Ахметов.

ҚазАқпарат тілшісіне Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бастығы Дидар Смағұлов мәлім еткендей, интернетке кіріп, «ҚР автокөлікке әдемі нөмірлер» деп енгізу жеткілікті.

«Әріптердің белгілі бір реті үшін сатушы үш миллион теңгеге дейін сұрап отырған хабарландырулардың көптеген сілтемелері шыға келеді. Азамат есімді автокөлік иесі AZA әріптері бар машинаны немесе Наталья есімді бикеш NAT әріптері бар көлік құралын тегіннен басқармайтынына сенімдімін», - дейді ол.

Оның айтуынша, қырқыншы модельді «Тойота» көлігінің иесі 040  нөмірін, ал Азамат AZA әріптері бар мемлекеттік нөмірді кездейсоқ, тегін алғандығын тексеру үшін Агенттік қызметкерлері Қарағанды облысында тіркелген көліктердің статистикасын тексерді.  Тізімді зерделеп шығып, сәйкестіктердің тегіннен еместігіне түпкілікті көздерін жеткізген.

Департамент бюджет кодексімен ақша ставкасы белгіленген сұранысқа ие нөмірлердің тізімін кеңейту қажеттігі туралы ұсыныстарын ҚР ІІМ-ге жолдады. Егер олар қолдау табатын болса, жақын уақытта сатылатын мемлекеттік нөмірлердің тізімі айтарлықтай кеңейтілетін болады. 

Соңғы жаңалықтар