ҚР ІІМ әкімдіктерге жағдайы нашар отбасылардың жеке тізімін жүргізуді ұсынды
«Алдын алу әрекетіне негізделген тетіктер көбінесе жазалаушы сипатқа ие болып отыр. Жыл сайын өз міндеттеріне дұрыс қарамаған 5 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылады, ал мыңы ата-ана құқығынан айырылады. Ағымдағы жылы 4 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жазамен қамтылса, полицияның қолдаухатымен 700-ге тарта ата-ана құқығынан айрылып отыр. Өкінішке қарай, осындай қадамдар тек әлеуметтік жалғыздық деңгейін арттыра түседі және балалардың жағдайын қиындатады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қылмысқа баруына әлеуметтік факторлар ықпал етеді, яғни отбасындағы қолайсыз жағдайлар, материалдық проблемалар мен өмірдегі өзге де қиындықтар себеп болады. Осыған байланысты кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен олардың құқығын қорғауда қолданыстағы қадамдарды қайта қарастырудың уақыты жетті», - деді А. Милюк.
Оның сөзіне қарағанда, медициналық-әлеуметтік тіркеу түрінде жекелей профилактиканың жаңа шарасын енгізу ұсынылып отыр. Яғни полицияның тіркеуімен қатар, жергілікті атқару органдары да әлеуметтік проблемаларды шешу үшін медициналық-әлеуметтік есепке алу шараларын жүргізуі тиіс. Бұл тұрғыда полицияның қатысуынсыз маскүнемдіктен емдеу, тұрмыстық мәселелерге қатысты жұмыстар ескерілген жөн. Өз кезегінде полиция да өзінің алдын алу жұмыстарын жалғастырады. Осы кешенді қадам іске қосылуы үшін заңнамаға тиісті түзетулер енгізу керек болып тұр.
Белгілі болғандай, жыл сайын ішкі істер органдарына құқық бұзушылықтар мен қараусыз жүрген 100 мыңға жуық кәмелетке толмаған балалар жеткізіледі. Олардың ішінде жартысынан астамы түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден алшақ жерлерде жүргені үшін назарға ілігеді.
Өткен жылы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына 7,5 мың бала орналастырылды, соның арасында қараусыз әрі панасыз болған 6 мың бала байқалды.