ҚР ІІМ «Әбу-Даби Плаза» жанжалына қатысты жаңа деректер жария етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әбу-Даби Плаза» аумағындағы жанжалға байланысты қылмыстық іс қозғалды.  Бұл туралы ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2 қыркүйек күні салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» нысаны аумағында орын алған оқиғаға байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі қосымша мынаны хабарлайды: Астана қалалық Ішкі істер департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-тармағы (бұзақылық) бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында жүргізілген жедел тергеу шараларының нәтижесінде күзет фирмасының қызметкері Полатовқа дене жарақатын салуға қатысқан күдіктілер анықталды. Полатовтың соққыға жығылуына қарымта жауап ретінде құрылыс нысанының жұмысшысы Үндістан азаматын соққыға жығуға қатысқан күзет құрылымының қызметкерлерінен күдіктілер де анықталды», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аталған іс бойынша жанжалға қатысушылардың іс-әрекетін нақтылауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесіне сәйкес сәйкесінше қылмыстық заң бойынша құқықтық баға беріліп, кінәлілер жауапкершілікке тартылатын болады.

«Бұған қоса, Астана қаласының ішкі істер органдары «Әбу-Даби Плаза» аумағындағы жанжалдың жолын кесу барысында 3 қыркүйек күні түнде қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берген азаматтарға қатысты шаралар қабылдады. Полиция бөлімшесіне жеткізілген 41 адамның 8-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалғандары түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу туралы ескертуден кейін босатылды. ҚР ІІМ елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған заңға қайшы іс-әрекетке бармауға, сонымен қатар болған оқиғаға байланысты  жалған ақпараттарды таратпауды ескертеді. Жоғарыда аталған жайттар орын алған жағдайда кінәлілер заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылады», - деді Алмас Садубаев.

Соңғы жаңалықтар