ҚР ИДМ Ми-2 тікұшағына қатысты ақпарат таратты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Ақмола облысының аумағында қатты қонған Ми-2 тікұшағына қатысты ақпарат таратты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 қыркүйекте сағат 00:40-та Ақмола облысына қарасты Ақкөл елдімекенінің батыс жағындағы 6 шақырым жерде авиациялық оқиға болды. Адам шығыны жоқ.

«Малоалександровка елді мекені аумағынан Ақкөл елдімекеніне ұшуды орындап, қонуға ыңғайланған кезде жерге соғылған тікұшақта от  шығып, әуе көлігі жанып кеткен. Қалпына келтіруге жарамайды», делінген хабарламада. 

Оқыс оқиға кезінде бортта болған КВС В.В. Маньков мен бақылаушы ұшқыш Д.Е. Байбосынов зардап шеккен жоқ. Авиатехник Г.А. Балуевты күйік шалған. Ол қазіргі уақытта Ақкөл елді мекенінің ауруханасында жатыр.  

КВС Маньков Владимир Владимирович тіркеу нөмірі «UP MI 212» Ми-2 тікұшағымен және Ақмола авиатобының күшімен Қазақстан Республикасы Ақмола облысының мемлекеттік орман қоры аумағында орманавиациялық жұмыстарды орындаған.

Айта кетерлігі, «Тянь-Шань» ұшу орталығы авиациялық компаниясы 1995 жылы құрылған. Авиациялық нарықта авиациялық жұмыстарды, соның ішінде ҚР аумағындағы орманавиациялық жұмыстарды орындауға маманданған.

«Соңғы 14 жылда авиакомпанияда оқыс оқиғалар тіркелмеген», деп мәлім етті ИДМ баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар