ҚР Дін істері министрі Батыс Қазақстан облысының жастарымен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Бастау» коворкинг орталығының жұмысымен танысып, өңір жастарымен кездесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«Оралда оқушылар мен жастарға арналған осындай зәулім сарайдың болғандығы мені қатты қуантты.  Мұнда жастарға арналған әртүрлі үйірмелер, шағын орталықтар мен коворкинг орталығы бар, сондай-ақ мұнда жастардың шығармашылық тұрғыда дамуына  және  қоғам үшін пайдалы істермен айналасуына  барлық жағдай жасалған.  Орталық 3D-ақпараттық технологияларымен, сонымен қатар заманауи коммуникация құралдарымен жабдықталған. Біздің Министрліктің бағытының бірі - жастар саясаты болғандықтан, Батыс Қазақстан облысының  жастары «Туған жер», «Атамекен», «Әлеуметтік бастамалар картасы» жобалары бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанына көзім жетті», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Министр Батыс Қазақстан облысының жастарының қоғам үшін белсенді бастамалардан қалыс қалмай, өте  тұщымды ұсыныстарымен көзге түсіп жатқандығын атап өтті.

«Жастар тарапынан қоғам үшін маңызды сауалдар келіп түсуде. Жалпы,қазіргі жастардың бойынан ынта-жігердің, болашаққа деген нық сенімнің лебі сезіледі. Осындай белсенді жастарға біз мемлекет тарапынан қолдау көрсетуіміз керек», - деді министр.  

Оқушылар мен жастар сарайына қарасты «Бастау» коворкинг-орталығы  биылғы жылдың қазан айында ашылған болатын. Коворкинг орталығының жұмысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде  жастардың бастамаларын дамыту, олардың қоғам өміріне белсенді атсалысуына бағытталған.

 

Соңғы жаңалықтар