ҚР БҒМ балалары оқуға түсе алмаған ата-аналардың шағымына қатысты түсіндірме берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы ҚР Білім және ғылым министрлігі ғимаратының алдында балалары грантқа түсе алмаған ата-аналар жиналып, өз шағымдарын білдіруде. Түстен кейін ҚР БҒМ баспасөз қызметі осы мәселеге қатысты ресми хабарлама таратты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҚР БҒМ ғимаратының алдына 20-дан астам ата-ана жиналған. Бәрінің шағымдары шамамен бірдей: «Жоғары балл алса да менің балам неге оқуға түспей қалды». Олардың айтуларына қарағанда, кейбір мектеп бітірушілер 130 балға дейін алып, оқуға түсе алмай қалған. Бәрі де министрлік ғимаратына кіріп, шағымдарын беріп жатыр. Көп кешікпей олардың алдына министрліктің өкілдері шығып, түсінік беруге тырысты. Олардың айтуынша, грантты бөлу жұмысын республикалық комиссия шешкен. Десе де, ата-аналар бұл жауапқа қанағаттанбады.
null

Араға уақыт салып ҚР БҒМ бұл мәселеге қатысты ресми түрде жауап берді.

«ҚР БҒМ биылғы жылы гранттарды бөлу туралы сұрақтар бойынша қосымша түсінік жұмыстарын жүргізген. Тұрғындар мен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова жауап берді. Оқу грантын алу үшін бағын сынаған кез келген абитуриент пен оның ата-анасы ие болғысы келетіні белгілі. Биылғы жылы министрлік бакалавриаттарға бөлінетін гранттың санын 6 мыңға жеткізді. Алайда таңдау кезінде әртүрлі мамандықтарға әр түрлі мөлшерде грант бөлінгенін ескеру керек. Нәтижесінде, әр мамандыққа әр түрлі мөлшерде балл алу тәртібі енгізілді. Бұл жаңадан енгізілген жүйе емес. Бұрыннан бар. Сондықтан, абитуриентке ыңғайлы болу үшін әр мамандыққа грант бөлу тәртібі ҰБТ-ға дейін аяқталып қояды», - деп хабарлайды министрліктен.

Ведомствоның хабарлауынша, мамандықты таңдау абитуриент пен оның ата-анасының еркінде. Көп жағдайда мектеп бітірушілер грант аз бөлінетін әрі конкурсы күрделі заңгерлік немесе экономикалық мамандықты таңдап жатады. Бұған қоса абитуриенттер оқу орнын өздері таңдап алатынын да ескеру керек. Сондықтан, ҰБТ-да алған балға деген талап оқу грантын алып, ЖОО-ға түсу үшін әр түрлі мамандық бойынша әр түрлі болып келеді.

«Бұған қоса жеңілдетілген санаттар бойынша ата-аналар ауылдықтарға квота бөлінетінін білуі тиіс. Бұл да жыл сайын қайталанатын үрдіс. Сол себепті, ол категориядағы мектеп бітірушілер аз балл алса да грантқа түсіп кетіп жатады. «Алтын белгі» иелері қазіргі қолданыстағы заң бойынша жеңілдетілген санатқа жатқызылады. Министрлік олардың ҰБТ балын барлығымен бірдей теңестіру туралы заңнама енгізді. Бірақ, ол заң әлі қабылданған жоқ. Бәлкім, ол заң күзге қарай күшіне еніп, «Алтын белгі» иегерлеріне берілетін артықшылық келесі жылдан бастап болмауы мүмкін. Қайталап айтамыз: бұл үрдіс бұрыннан келе жатыр. Республикалық комиссияның құрамында ЖОО қауымдастығының, «Атамекен» ҮЕҰ, кәсіподақтардың және өзге де қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды. Олар қолданыстағы заң бойынша шешім қабылдайды», - дейді министрліктен.

Министрліктің баспасөз қызметі сондай-ақ, Ұлттық тестілеу орталығы бүгін қоғамдық қабылдауды ашатынын хабарлайды. Онда ҰБТ қорытындысын түсіндіру бойынша әр ата-анаға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұған қоса осы мәселеге қатысты Астанадағы (8-71 72) 69-50-76 мен 69-52-61 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Еске сала кетсек, кеше Орталық коммуникациялар қызметінде гранттарды тағайындайтын республикалық комиссияның жұмысы қорытындыланып, Ұлттық тестілеу орталығының сайтында testcenter.kz мемлекеттік білім грантын иеленушілердің тізімі жарияланған болатын.

Соңғы жаңалықтар