ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл тоңазытқыштан табылған бүлдіршіндерге қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Мәжіліс депутаты, Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева Алматыда тоңазытқыштан табылған егіздердің ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін қаралып жатқан тақырып өте өзекті және осы бағытта бөлек баяндаманың әзірленуі қуантады. Еліміздегі еңбек мигранттарының арасында балаларын ертіп келетіндер де бар. Сондықтан бізге бүлдіршіндердің құқықтарын қорғау керек, Қазақстан үшін бөтен бала деген ұғым жоқ. Осы орайда бүгінгі жиынға шетелдік елшіліктердің корпусының қатысуын пайдалана отырып, бірқатар мәселеге назар аударғым келеді. Балаларға қатысты мәселе туындағанда, оның ішінде мигранттардың балаларына қатысты болса, баршамызға мұқият болған жөн»,-деп тоқталды З. Балиева ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстандағы еңбекші-мигранттардың және адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» атты талдау баяндамасының тұсаукесерінде.

Осы орайда ол ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, қарастырылып жатқан фактіге тоқталды.

«Бір мемлекеттің өкілі азаматтық некедегі зайыбымен екі бүлдіршінді өлтіріп, тоңазытқыштың ішіне жасырған. Бұл қатыгездік оқиға үш күннен бері елді алаңдатып отыр. Яғни өзге мемлекеттен келген еңбек мигранты осындай құқыққа қайшы іс-қимылды Қазақстанның балаларына қатысты жасауы елді дүрліктірді»,-деп тоқталды депутат.

Оның сөзіне қарағанда, халықаралық ұйымдардың қатысуымен арнайы бағдарлама әзірленіп, соның аясында барлық балалар мекемесіне мониторинг жүргізіледі. Осы ретте мигранттардың да балалары назарда болады.

«ҚР Үкіметінің арқасында бізде Call-орталық бар және ол ақысыз, тәулік бойы жұмыс істейді. Талдауға сүйенсек, бұл орталық дер кезінде жасақталған, себебі бізге мигранттар мен олардың балалары телефон шалып тұрады. Менің ойымша, барлық күш-жігерді жұмылдырсақ, яғни барша дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес сектор бірлесе көптеген мәселені шеше алады»-деді Зағипа Балиева.

Соңғы жаңалықтар