ҚР АШМ үй малдары қандай ауруларға қарсы егіліп жатқанын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мал ауруларына қарсы вакцина егу жұмыстары жоспарға сай өтуде. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында фитосанитариялық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы баяндаған ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылғы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың жоспары қазанда бекітілді. Бұл  толықтай ветеринариялық препараттарды аудандарға дейін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді уақытылы жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Аса қауіпті аурулар бойынша вакцинациялау көлеміне күнделікті мониторинг жүргізе отырып, комитет мамандарының өңірлерге барып, манипуляция жүргізуге бақылау ұйымдастырылды. Жалпы алғанда вакцинация жоспардағыдай өтуде», -  деді вице-министр

Сонымен, оның дерегінше, 2018 жылғы 2 сәуірдегі жағдай бойынша 6,9 млн бас малға немесе малдың 90 пайызына аусылға қарсы вакцина егілді. Сібір жарасына қарсы екпе жалпы мал басының 82 пайызына, нодулярлы дерматитке қарсы 85 пайызына жасалды.

«Облыстық, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері қолданыстағы 3 609 мал қорымдары бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу қажет. Жалпы аса қауіпті зиянды организмдер бойынша ахуал және ветеринариялық-санитариялық объектілердің жай-күйі тұрақты бақылауда», - деді ол.

Арман Евниевтің айтуынша, 2018 жылдың 19-22 ақпаны аралығындағы кезеңде Халықаралық эпизоотиялық бюроның халықаралық сарапшылары ірі қара малдың нодулярлы дерматиті бойынша миссия өткізді.

«Халықаралық сарапшылардың алдын ала қорытындысы бойынша инфекцияны оқшаулау бойынша ветеринариялық қызметтің жұмысы оң бағаланды. Бұл жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдердің экспортын арттыруға ықпал етеді», -  деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар