ҚР АШМ-ның бұрынғы инспекторларына сот үкімі жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 соты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы инспекторларына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ауылшаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия төрағасының міндетін атқарған Мұрат Күйшенов пен Әйтеке би мемлекеттік сортты сынақтан өткізу аумағының бұрынғы меңгерушісі Мұрат Жақсыбаевқа қатысты үкім шықты. 

Қылмыстық іс бойынша,  Күйшенов М. Жақсыбаевты Ауылшаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткізу бойынша Ақтөбе облыстық инспектурасының жетекшісі қызметіне тағайындағаны үшін пара алған.

«Астана қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, Мемлекеттік комиссия төрағасының міндетін атқарушы Күйшеновтың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеген.  Күйшенов М. Жақсыбаевты «Ауылшаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткізу бойынша Ақтөбе облыстық инспектурасы» ММ басшысы қызметіне тағайындап, 400 000 теңге пара алғаны үшін 2018 жылдың 18 ақпанында сағат 19:30-да ұсталған», - делінген материалда.

Одан бөлек, сотталушы Жақсыбаев бірқатар жемқорлық қылмыстар жасаған.

«Жақсыбаев Ақтөбе инспектурасының басшысы лауазымына тағайындалу мәселесін өз пайдасына шешу үшін Мемлекеттік комиссия төрағасы міндетін атқарушы Күйшеновке пара беруді жоспарлаған. Тағайындау туралы шешім шыққан соң, Жақсыбаев өзінің сыбайлас жемқорлыққа бағытталған заңға қайшы әрекетін түсіне тұрып, 15 сағат 38 минутта мемлекеттік функцияларды атқаруға құзіретті тұлғаға, яғни Күйшеновке қызметтік кабинетінде 400 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат салынған конвертті  берген», - делінген сот үкімінде.

Астана қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Жақсыбаевті кабинеттен шыққан сәтте ұстаған.

Сонымен бірге, үкімде сотталушылар Күйшенов пен Жақсыбаевтың өз кінәларын толық мойындағаны және өкінетіні жазылған.

Осылайша, сот Мұрат Күшейіновты ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы, 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасауда айыпты деп танып, алынған параның 60 есесі көлемінде (шамамен 24 миллион теңге) айыппұл салып, мемлекеттік қызметте лауазымдық қызметтер атқару құқығынан түбегейлі айырды.

Мұрат Жақсыбаевты да сот ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы, 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасауда кінәлі деп танып, берген параның 30 есесі көлемінде айыппұл тағайындап, мемлекеттік қызметте лауазымдық қызметтер атқару құқығынан түбегейлі айырды.

Сотталғандар үкім енген күннен бастап, бір ай мерзімінде айыппұлды төлеуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар