Қоянды ауылында жер телімін заңсыз иелену мәселесі толық шешілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жер телімдерін заңсыз иелену мәселесі шешімін тапты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен өткізген брифинг барысында Ақмола облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, облыс бойынша 2016 жылдың 1 қарашасындағы жылдық жер балансына сәйкес, Ақмола  облысының аумағы 14,6 миллион гектарды құрады. Оның ішінде 10,7 миллион гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болса,  5,7 миллион гектары егістік те, 4,5 миллион гектары -жайылымдық.

«Жерді ұтымды пайдаланудың маңызды факторының бірі ресурс ретінде жерді экономикалық айналымға тарту мәселесі болып табылады. Осы мақсатта облыста 2012-2014 жылдар аралығында пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау мақсатында 11178 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жүргізілді. Соның нәтижесінде 1110,3 мың гектар жер анықталды. Оған қоса, жыл басынан бері мемлекет меншігіне қайтарылып алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу үшін 22 байқау өткізілген. Осының нәтижесінде 167,9 мың гектарды құрайтын 295 жер телімі айналымға енгізілген.

Қазіргі кезде, Целиноград ауданының Қоянды ауылында жер телімін заңсыз иелену мәселесі толық шешілді. Бұған Қоянды ауылының бас жоспарына енгізілген өзгерістер оң әсер етті. Жерді заңсыз басып алудың 195 оқиғасы тіркелсе, оның ішінде 182  жағдайда сауда-саттық туралы келісімшарт жасалынды. Заңсыз тұрғызылған нысандар сүрілді», - деді А.Қыдыралина.

Айта кету керек, жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін ұсыну шараларына 2015 жылы өзгерістер енгізілді. Тұрғын үй салу үшін қажетті жер телімдері су және электр желісімен қамтамасыз етілген аумақтарда ғана ұсынылады. Ал бір орталықтандырылған су жүйесі жоқ елді мекендерде электр желісі болса, беріле берді.

«Аталған жаңа норма халықтың қажетті жер теліміне қолын жеткізіп, кезекті азайтуға мүмкіндік береді», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 378 және 444 баптарына енгізілген өзгерістерге сәйкес пайдаланылмай жатқан жер үшін 10 есе көтеріңкі мөлшерінде салық салу көзделген. Осындай шаралардың арқасында биылғы жылы бюджет пайдасына 51,8 миллион теңге кіріс түскен.

Брифинг барысында екінші деңгейлі банктерде кепілде жатқан жерлерді қайтару, Астана маңындағы елді мекендерде жеке меншік үй тұрғызу үшін кезек арқылы жер алу мәселесі айтылып, басқарма басшысы мен мамандары тарапынан тұшымды жауаптар алынды.

Соңғы жаңалықтар