Қостанайлық жалған дипломмен әкім болуға әрекеттенді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғары білімі туралы жалған дипломы үшін Қостанай облысы тұрғынына 127 мың теңге айыппұл салынды.

Қостанай облысы Қарасу аудандық соты 50 жастағы Н. қатысты ҚР ҚК 385-бабы, 3-бөлігі (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарланды облыстық сот сайтында.

Іс материалдары бойынша, 2009 жылдың күзінде Алматы қаласындағы көлік  базарында  Н. анықталмаған тұлғаға 350 АҚШ долларын беріп, 2006 жылдың 23 маусымында өз атына жазылған Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің жалған құжатын алған.

Ал 2015 жылдың қараша айында азамат Н. Қарасу ауданы, Қарасу ауылының әкімі қызметіне жұмысқа орналасарда осы жалған құжатты көрсеткен. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мемлекеттік лауазымға үміткерлерді арнайы тексеруі барысында аталған дипломның жалған екені анықталды. Сондай-ақ, мұны сот сараптамасы да растады.

Сот айыпкерге 60 АЕК көлемінде 127 мың теңге айыппұл жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңдық күшіне енді. 

Соңғы жаңалықтар