Қостанайлық «Түймеқыз» сұлулық конкурсында екінші вице-мисс атанды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Түймеқыз» есімімен танымал қостанайлық Тұрсынай Қабыл республикалық сұлулық конкурсынан жүлделі оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Miss Virtual Kazakhstan-2018» конкурсының жеңімпаздары бүгін белгілі болды. Финалға шыққан бес арудың қатарында қостанайлық Тұрсынай Қабыл да болды.

«Бұл байқауға әр облыстың сұлулары қатысты. Ғаламтор арқылы дауыс берген барша қазақстандықтар менің екінші вице-мисс атануыма септігін тигізді. Қуанышымда шек жоқ. Айта кетейін, «Miss Virtual Kazakhstan-2018» байқауының бастапқы кезеңінде 3000 ару тіркелді. Солардың ішінен іріктелгендердің арасында болуымның өзі мен үшін жетістік еді», - деп бөлісті өз қуанышын Т.Қабыл.


Спортсүйер қауымға жақсы таныс, Тұрсынай Қабылдың Паралимпиадалық пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атағы да бар. Оның айтуынша, өзіне мақсат қойған адам тынбай еңбектенсе, алынбас қамал жоқ.

«Өмірдің өзі сыннан тұрады ғой. Мен қиындықтардан қорықпаймын. Сұлулық байқауына қатыспас бұрын көп ойландым. Расында, мен кімнен кеммін? Өзімді қоғамның бір бөлшегі ретінде көрсеткім келді. Ендігі арманым - өмір туралы кітап жазу және мүгедектерге арнап спорт залын ашу. Болашақта спорт жаттықтырушысы болғым келеді», - дейді қостанайлық «Түймеқыз».


Сонымен, «Miss Virtual Kazakhstan-2018» конкурсында Атырау қаласынан қатысқан Айзада Жолмағамбетова жеңіске жетті. Оған басты сыйлық - автокөлік табыс етілді. Ал екінші вице-мисс Тұрсынайға 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар